Экспорттық әлеуетті дамыту маңызды
#qyzylordatv
Жаңа инвестициялық кезеңде отандық өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру – еліміздің стратегиялық мақсаттарының бірі. Экономика негізінен өндіріспен өлшенеді. Ал өндіріс бар жерде – жұмыс бар. Кәсіпкерлер бас қосқан маңызды жиында отандық өндірісті дамыту мен экспортты ұлғайтудың жолдары сөз болды. Семинарда сарапшы мамандар қолдау тетіктерін қайдан және қалай алуға болатынын нақты түсіндірді.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасалып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге қолдау бар. Бірақ оның нақты жолы мен тиімді тетіктерін барлығы бірдей біле бермейді. Бүгінгі семинар осындай олқылықтың орнын толдыруды көздейді.
Семинарда 100-ден аса кәсіпкер қаржылық және сервистік қолдау институттарының мүмкіндіктерімен танысты. Солардың бірі - «QAZTRADE» сауда саясатын дамыту орталығы. Дайын өнімді шетелде жарнамалауға және жол шығындарын өтеуге көмектеседі. Мәселен - «QAZTRADE» көмегіне Сыр өңірінен бірнеше компания жүгінген, дегенмен әлі де байланысты арттыра түсу маңызды.
Ал «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпкердің зауыт ішіндегі өндірісін дамыту мен цифрландыруға ерекше қолдау білдіреді. Алынған жаңа жабдықтардың белгілі бөлігін мемлекет тарапынан қаржылай субсидия ретінде қайтаруға мүмкіндік береді.
Семинарда Түркиядан арнайы келген сарапшы Неджметтин Өнер өз білгенімен бөлісіп, экспорттық әлеуетті арттырудағы негізгі қағидаларды түсіндірді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер нақты жобаларды жүзеге асыруға, жаңа серіктестіктер орнатуға және өңір кәсіпорындарының экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады дейді.