Тұзды топырақта жайқалған жасыл желек
#qyzylordatv
Күтімі келіссе, топырағы тұзданған алқапта таудың аршасы да, қарағай мен үйеңкі де жерсініп кетеді. Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты "Ояз" бағында жергілікті жерде өсетін талдардан бөлек, жылауық тал, арша, қарағай, үйеңкі және түрлі жеміс ағаштарының көшеттері жайқалып тұр. Жыл сайын 40 мыңға жуық көшет баптайтын орманшылар туралы келесі бейнематериалымызда.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Артымда қаз-қатар тізіліп тұрған бұл ағаштар аудандық орман шаруашылығына тиесілі. Бүгінде тұқымбақта 60 мың түп көшет отырғызылған. Олардың барлығы дерлік осындай тұқымнан бастау алған. Бұдан бөлек, алма, сарыөрік, қараөрік және шие секілді жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр.
17 гектарды құрайтын бұл бау «Ояз» бағы деп аталады. Мұнда жергілікті жерде өсетін талдардан бөлек, жылауық тал, катальпа, арша, сунах, айланд, қарағай, үйеңкі секілді ағаштардың түр-түрі жайқалып тұр. Тіпті, тек тау басына бітетін аршаның өзі жерсіндірілген. Жалпы, көшеттердің күтімін жасауға 25 орманшы жұмылдырылған. Солардың бірі – Гүлзат Құрманияз. Ол отыз екі жылдан бері «Ояз» бағын жасыл орманға айналдыруға атсалысып келеді.
ГҮЛЗАТ ҚҰРМАНИЯЗ – ОРМАНШЫ
Тұрғындар арасында Қазалы жері сор, ешқандай тал шықпайды деген сөздер бар енді. Бірақ, бұларға қарама қайшы енді талдардың мүмкіндігінше өсіп-өнгеніне жұмыс жасап жатырмыз. Бәрі қанша адамның маңдай тері. Күзді күні біздер тұқымды сеуіп, ерте көктемде күтіп баптау жұмыстарын бастаймыз. Яғни көктемде ішін отау жұмыстарымен айналысамыз. Сурамыз. Ауырып тұрған жағдайда бұларға химиялық қоспалармен күш беруге тырысамыз. Зиянкестерден қорғаймыз. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.
Орманшылардың қызғыштай қорғаған жас шыбықтары ерте көктемде аудан орталығы мен ауыл көшелерін көркейту-көгалдандыру үшін қазылып, қайта егіледі. Мәселен, туған жерді жасыл желекке айналдыру мақсатында жыл сайын 1 гектар жерге қаламшалар отырғызылады. Мұнан бөлек, арнайы тұқымбақта дәндер себіліп, көшеттер дайындалады.
ЖАРҚЫНБЕК ҚОЛАШОВ – ОРМАНШЫ
Жылына шығымдылығы 70-80 пайыз шығады. Қала әкімшілігі, аудан әкімшілігі, ауыл әкімшіліктеріне жылда тал босатылып отырады, көктемде және күзде. Көктемде 20 мың, күзде 10 мыңдай тал босатылып, әкімшіліктерге беріледі. Сосын басқа да мекемелерге беріледі алдарына тал егу үшін.
Осылайша орманшылар ағаш көшеттерін дайындап, ауданның абаттануына үлес қосып келеді.