Негізгі Жаңалықтар Спорт саласының үздіктері марапатталды

Спорт саласының үздіктері марапатталды

#qyzylordatv 

Сыр өңірінде спорт күні мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиында әлемдік ареналарда атой салып, аймақ абыройын асқақтатып жүрген қыз-жігіттерге құрмет көрсетілді. Атап өтерлігі, отырып ойнау волейболынан Әлем чемпионатында қола жүлдер атанған үш спортшы 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.  


Сыр спортында соңғы жылдары соны серпіліс байқалады. Атап айтсақ, 11 мың орындық стадион, үстел теннисі және инклюзивті спорт орталығы секілді жиырмадан астам жаңа нысан салынып, ел игілігіне берілді. Тағы бір ірі жоба облыс орталығында жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Заманауи үлгідегі кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, жүзу бассейні, Әлем, Азия чемпионаттарын өткізуге арналған спорттық зал қарастырылған. Аймақ спортшылары осындай қолдаудың арқасында әлемдік додалар мен ел біріншіліктерінде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ 

Бүгінде халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген сырбойылық спортшылар жыл басынан бері Әлем, Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан Республикасының біріншіліктерінен 120 алтын, 100 күміс, 162 қола медальға қол жеткізді. Өткен аптада Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен өткен халықаралық турнирде Сыр мақтанышы Айдос Сұлтанғали жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті. Күні кеше ғана өзіміздің «Қайсар» футбол командасы Қазақстан Кубогының жартылай финалында астаналық «Жеңіс» командасын жеңіп, финалға жолдама алды. Бұл жетістіктер мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі


Тағы бір жарқын жетістік, Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ұлттық құрама сапында жерлестеріміз Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібек өнер көрсетеді. Облыс әкімі әлемдік аренада ел намысын қорғаған қызылордалық жігіттерге құрмет көрсетті.  


 Мерекелік басқосуда аймақ спортының дамуына үлес қосып жүрген спортшылар марапатталды. Олардың қатарында Ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, Пара пауэрлифтингтен Әлем чемпионы Фариза Төлжан сияқты Сыр мақтаныштары бар. 


 Сала ардагерлері мен спорт мектебінің жаттықтырушылары да құрмет төрінен көрінді.  


 Шара соңында шеберлік пен шымырлықты, шапшаңдықты серік еткен киокушинкай-кан каратэ бөлімшесінің спортшылары өнер көрсетті. 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар