Күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы пысықталды
#qyzylordatv
«Егіс көлемін әртараптандыру жұмыстарын сапалы жүргізіп, күзгі жиын-терім науқанына дайындықты күшейту қажет». Күзгі егін жинау науқанына дайындық барысы талқыланған мәжілісте облыс әкімі осылай деп тапсырма берді.
Еске сала кетейік, биыл облыста 185 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Оның 89,7 мың гектары дәнді, қалғаны майлы және мал азықтық дақылдар. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарының жалпы көлемі 16,8 мың гектар. Егін көлемін әртараптандыру тапсырмасына сәйкес негізгі дақыл – күріштің көлемі өткен жылға қарағанда 10 мың 900 гектарға аз егілді. Жоспарланған дәндік жүгерінің 10 мың 557 гектары егіліп, күтіп-бапталуда. Ал, күздік және жаздық бидай, сұлы жинау жұмыстары толық аяқталып, өнім алынуда. Мұнан бөлек, көкөніс, бақша және басқа да дақылдарды жинау бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мұрат Ергешбаев тиісті сала басшыларына техникалық қауіпсіздікті басты назарға алып, күзгі егін жинау науқанына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ жиында Сырдария өзеніндегі су жағдайы туралы да мәлімет айтылды. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 450 текше метр су жіберілуде.