«Қайсар» командасы Қазақстан кубогының финалына шықты
#qyzylordatv
Спорт әлемінен сүйінші ақпар. Сыр өңірінің «Қайсар» футбол командасы Қазақстан кубогының финалына жолдама алды. Елордалық «Жеңіс» клубымен өткен тартысты бәсекеде екі ойын қорытындысы бойынша «Қасқырлар» 5-те 4 есебімен басым түсті.
Финалға берілер жолдама біреу. Сондықтан, «Астана арена» стадионында өткен қарымта матч ә, дегеннен қарқында басталды. Әсіресе, алаң иелері қасқырларды қыспаққа алып, жеңісті қолдан бермейтіндерін байқатқан. Бұл тактика нәтижесін берді де. Ойынның небәрі 18-ші минутында «Жеңістің» бразилиялық шабуылшысы Сантуш Мартинш айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасап, есеп ашты. Бұл гол елордалық футболшыларды жігерлендіре түсіп, 7 минуттан соң тағы да есепті еселеді. Гол авторы хорватиялық шабуылшы Андрия Филипович.
Бұл сәтте екі ойын қорытындысымен таразы басы теңселіп тұрған. «Жеңіс» ойыншылары алтын шыққан жерді белден қазып, тағы да шабуылға лап қойды. Бірақ футболда тек салқынқандылық емес, сабыр да қажет. «Қайсардың» қарымта шабуылы кезінде елордалық клубтың қорғаушысы Зураб Тевзадзе екінші мәрте сары қағаз алып алаңнан қуылды. Мұнан соң 10 ойыншымен қалған қарсыласты қақпанға түсіру үшін Сыр аяқдопшылары аянып қалған жоқ. Ойынның 69-шы минутында Саламат Жұмабековтің ұтқыр пасын бразилиялық легионер Микаес Эваристо жойқын соққымен голға айналдырды.
Осы голдан соң «Қайсар» футбол клубы финалға бір қадам жақын тұрған. Алайда, 75-ші минутта хорватиялық шабуылшы Андрия Филипович айып добын жоғары шеберлікпен орындап, таразы басын теңестірді. Осыдан соң жанкүйерлер ойын қосымша таймға ұласады деп сенген еді. Бірақ 90 минут түгесілер тұста жас шабуылшы Рамазан Бағдат айып алаңының сыртынан қақырата соққы жасап, матч тағдырын шешіп кетті.
Осылайша, Сыр аяқдопшылары қарсылас алаңында маңызды жеңіске қол жеткізіп отыр. Екі ойын қорытындысы бойынша есеп – 4-те 5. Енді қасқырлар Қазақстан кубогының финалында шымкенттік «Ордабасы» клубымен кім мықтыны анықтайды. Бұл матч қараша айында «Астана арена» стадионында өтеді деп жоспарлануда. Айта кетейік, «Қайсар» осы ойында жеңіске жетсе тарихта үшінші мәрте ел кубогын иеленбек.