Еңбек адамы: Өндірісте шыңдалған маман
#qyzylordatv
Өндіріс орындарының дамуы жаңа технологияға ғана емес, сол техниканы жетік меңгерген білікті мамандарға тікелей байланысты. Ел экономикасында өзіндік орны бар СКЗ-U күкірт қышқылы зауытында бүгінде 276 қызметкер жұмыс істейді. Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысуға барған тілшіміз күрделі мамандықты еңсерген еңбек адамдарымен де тілдесті.
Жұмысы бір сәтке де тоқтамайтын үлкен өндіріс орнында еңбек ету үшін біліммен қатар, батылдық қажет. Күш-қайрат пен қырағылық ұштасқанда ғана мұндағы ауқымды міндетті оңай еңсере аласың. Бағлан Сәбитұлы СКЗ-U күкірт қышқылы зауытына осыдан 15 жылдай уақыт бұрын жұмысқа орналасты. Алғашында аппаратшы, кейін ауысым шебері болып еңбек етті. Осылайша түрлі қызмет сатысынан өтіп, тәжірибесі толысты. Бүгінде ол еңбек майданында шыңдалған тәжірибелі маман.
БАҒЛАН ҚАЛБЕРГЕНОВ – «СКЗ-U» ЖШС КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЦЕХ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Менің негізгі қызметім – процесті ұйымдастыру және оны бақылау. Еңбек және техника қауіпсіздігі талаптарына сай жұмысшылардың жұмыс істеуі, территория барысында жұмыс істеуі, соны бақылаймын. Одан кейін жұмысшылардың күнделікті азанда жұмысқа келген кезде медициналық тексерістен өтуін қадағалап отырамын...
Жаңақорған ауданында орналасқан бұл зауытта жылына 500 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі. Ал күкірт мұнда Атырау өңірінен түйіршіктелген күйде жеткізіледі. Пресс-тур кезінде Бағлан Сәбитұлы жұмыс процесін рет-ретімен таныстырды.
Жұмысшыларға арналған қалашық зауытқа жақын маңда бой көтерген. Айналасын жеміс ағаштары қоршаған бұл аумақтан әдемілікпен қатар тазалық байқалады. Мұнда 120 қызметкерге арналған 20 үй бар. Ал біздің кейіпкеріміз осы қалашықтың тұрғыны.
Кешке қарай тұрғындарының бәрі келіп, көркі кіре түсетін қалашықта түрлі спорт ойындарына арналған арнайы алаң да қарастырылған. Біз барған уақытта зауыт қызметкерлері жасыл алаңда футбол ойнап, бой сергітіп жүр екен. Ал мына спорт кешені былтыр ғана бой көтеріпті. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, мұнда дене шынықтырып, компания қызметкерлері арасында өтетін спартакиадаға дайындық жүргізіледі.
БАҒЛАН ҚАЛБЕРГЕНОВ – «СКЗ-U» ЖШС КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЦЕХ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Спартакиада өтетіні туралы. Сіздің шәкірттеріңіз бар екен кәсіпорында. Жастарға қандай кеңес бересіз? – Еңбекқор болу керек...
Иә, еңбек десе елгезектік танытып, жұмысын жауапкершілікпен атқаратын жандар ғана өндіріс орнында өз орнын таба алады. Алғашында аппаратшы болып қызмет еткен Бағлан Қалбергенов бүгінде жас мамандарға жол сілтейтін білікті қызметкер. Иә, көпке жарияламай-ақ ауқымды жұмысты ұқыпты атқаратын біздің кейіпкеріміздің болмысы бүгінгі жастарға үлгі.