Әні әдемі әжелер
#qyzylordatv
«Әжелер өнері – ұрпаққа үлгі». Облыс орталығында осындай атаумен әжелер ансамбльдерінің қалалық байқауы болды. Дәстүрімізді дәріптеп, ғұрпымызды ұлықтап жүрген асыл әжелер сахнада ән шырқап, тыңдарманды таң тамаша етті.
Марал Оспанова Абай ауылындағы «Ақниет» әжелер ансамблінің мүшесі. Бұл сайысқа өнер ұжымын өзі бастап келді.
Қалаға қарасты ауылдық округтерден келген 8 әжелер ұжымы үш кезең бойынша бақ сынады. Әуелі қатысушылар өздерін таныстырса, келесі кезеңде ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді насихаттайтын сахналық қойылым қойды. Ал, үшінші кезеңде талапкерлер халық әндерін жанды дауыста шырқады.
Асыл әжелер кезінде түрлі салада қажырлы қызмет еткен. Атыз жағалап, күріш еккен диқан да, бірнеше аспаптың құлағында ойнайтын музыкант та, ақын, ұстаз да бар.
Осылайша, өнер додасында бірінші орынға Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлағат» әжелер ансамблі лайықты деп танылды. Ал, Абай ауылынан келген «Ақниет» әжелер ансамблі екінші орынды жеңіп алса, қалалық білім бөлімі жанынан құрылған «Асыл жандар» мен Белкөл кентінің «Ақ бата» әжелер ансамблі үздік үштікті түйіндеді.