Негізгі Жаңалықтар Спорт саңлақтарына құрмет көрсетілді

Спорт саңлақтарына құрмет көрсетілді

#qyzylordatv 

Спорт күніне орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен әсем кейіпке енген президент саябағында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шарада спорт саңлақтары мен сала мамандары марапатталып, өңір өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.    


Кеш әлетінде президент паркі түрлене түскен. Саябаққа серуендеуге келген қала тұрғындары дүбірді естіп осы маңға жинала кетті. Әуелі қала әкімінің орынбасары Еркін Тұрабаев сала үздіктеріне құрмет көрсетіп, аймақ басшысының алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, бірқатар азамат қаланың ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасына» ие болды. Олардың қатарында жалынды жастармен қатар, өңір спортын өрге сүйреп жүрген ақылшы ардагерлер де бар.


Жыл басынан бері аймақ спортшылары әлем және Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола олжалады. Соның басым бөлігі облыс орталығында жаттыққан оғландар. Бір сөзбен, кәсіби спорттағы көрсеткіштен көш ілгеріміз. Шырайлы шаһарда бұқаралық спорттың да байрағы биік. Бүгінде 170 мыңға жуық қызылордалық спортты жанына серік еткен. Соның ішінде ерікті тұрғындардан құралған «Берік тұлға» - «Тән саулығы» тобының орны бөлек. Саламатты өмір салтын ұстанушылар таң азанымен спорттық жаттығулар жасап, жүгіруді әдетке айналдырған. Көпке үнсіз үлгі көрсетіп жүрген жандар көпшіліктің алдында марапатқа ие болды. Олардың қатарында қызылордалық кәсіпкер Ұлағат Бұхарбай мен темірдей тәртіптің иесі Жандәулет Өндрей бар. 


Шолпан Рысбаева саламатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге де өнеге дарытып жүрген жан. Бүгінде ол «Әйел саулығы академиясы» орталығын ашып, асыл аналар мен сырбойылық сұлуларды бір мақсатқа топтастырып жүр. Яғни, бұл ортада күнді берекелі бастау, дұрыс тамақтану әдебі мен сапалы өмір сүру қағидасы үйретіледі. Осы сауапты іске сауатты ұйытқы болған жан мерекелік кеште қала әкімінің алғыс хатына ие болды.


Ашық аспан астындағы мерекелік шара еркін форматта өрбіді. Марапаттау салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, өңір өнерпаздары әннен шашу шашты. Ал, әсем саябақтағы мерекелік кеш отшашу шоуымен қорытындыланып отыр. 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар