Президент ТМД волонтерлерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады
#qyzylordatv
Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Волонтерлер форумы басталды. Форум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысып жатыр.
Форумның ауқымы да, көтеріп отырған мәселелері де маңызды. Шараның ТМД елдерінің бірлесуімен өтуі де бекер емес. Басқосудың салтанатты ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзімен басталды. Мемлекет басшысының лебізін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді. Президент жігерлі жастардың бүгінгі бет-алысына оң баға беріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтуінің мәні ерекше екенін атап өткен.
Форумның ашылуында Аида Балаева Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде Даму мақсатындағы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынған болатын. Бүгінде осы бастаманың нақты әрі ауқымды нәтижесін көріп отырмыз» , - деді Премьер-министрдің орынбасары. Жиында Аида Балаева форум қорытындысы бойынша экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, сондай-ақ жастар волонтерлігі бағыттарындағы бірлескен бастамалардың тізбесін әзірлеуді ұсынды. Алғашқы жобалардың бірі ретінде қазан айында өтетін Арал маңы табиғатын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік аптаға қатысуы ұсынылды.
Волонтерлік – жай ғана көмек көрсету емес. Ол қоғамды ортақ іске жұмылдырған қуатты күш. Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы соның жарқын бастамасы. Жалпы, елде еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. соңғы алты жылда белсенді волонтерлер саны 300 мыңға, ұйымдар саны 800-ден асты. Ендігі меже соның аясын кеңейту. 2 күнге созылатын шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысып жатыр.
Алғашқы форумның негізгі тақырыбы – «Волонтерлік арқылы бірлік: серіктестік, сенім, даму». Шарада экологиялық жобаларға, инклюзивті және мәдени волонтерлікке, сондай-ақ ТМД кеңістігіндегі халықаралық волонтерлік бастамаларды дамытуға баса назар аударылмақ. ТМД волонтерлерінің жыл сайынғы алаңға айналады деп жоспарланып отыр.