Бүгін - Құрылтай сайлауы
#qyzylordatv
23 тамыз мемлекет тарихында ерекше тарау болып жазылары сөзсіз. Бүгінгі күннің бейнесіне қатысты тілші талдауы.
Мамырдан бері қызылордалықтарды қыспаққа алған күннің қызуы бүгін басылып, Сыр елінде самал жел соғып, нағыз жайлы атмосфера қалыптасып тұр. Жайлылық демекші, сол жайлы атмосфераны бүгін тасымал саласы да тұрғындарға ұйымдастырып отыр. Қызылорда қаласында қоғамдық көліктер таңғы сағат 07:00-ден түскі 1-ге дейін тегін жүреді. Яғни, дауыс берушілер құрылтай сайлауына барып, джауыс беруіне жақсы мүмкіндік.
Құрылтай бұл – жәй ғана кезекті сайлау емес. Бұл - жаңа Конституция бойынша қалыптасатын алғашқы өкілді органды сайлау. Сондықтан тарихи маңызы ерекше сайлау. Не өзгереді?
Бірнеше маңызды өзгеріс болады. Біріншіден, заң шығару үдерісі жеделдейді. Екіншіден, қоғамның заң қабылдау үдерісіне қатысу деңгейі артады. Үшіншіден, депутаттардың жеке жауапкершілігі күшейеді, өйткені жаңа жүйеде әр депутаттың жұмысы бұрынғыдан да айқын бағаланады. Төртіншіден, цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналады.
Ең бастысы «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты институционалдық мазмұнға ие болмақ. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекеттің тиімділігін арттыру ғана емес, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту. Өйткені XXI ғасырда саяси тұрақтылықтың басты өлшемі – биліктің күші ғана емес, оған деген қоғамның сенімі. Сонымен қоса, билік пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екені даусыз.