Негізгі Жаңалықтар Аймақтың агрокартасы: Жүгері көлемі көбейе түспек

Аймақтың агрокартасы: Жүгері көлемі көбейе түспек

#qyzylordatv 

Алдағы 2028–2029 жылдарға қарай Қызылорда облысы жүгері егістігінің көлемін 37 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Әрине, өңдеу ісі қолға алынғандықтан сұраныс жоғарылайтыны түсінікті. Биыл пионер жоба ретінде Сырдария мен Жалағаш аудандарына 10 мың гектар егілді. Өнім бірден үйіп-төгілмесе де, тырнақалды тірлік үшін әжептәуір дейді сала мамандары. Аймақтың агрокартасына қысқаша шолу жасаған тілшіміздің бейнесюжеті


 Қызылорда облысының агрокартасы осы жылы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Биыл күріш егісі 70,1 мың гектарды ғана құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 10,9 мың гектарға аз. 


Босаған алқап жүгеріге бөлінді. Егер өткен жылы 1,8 мың гектарға жүгері егілсе, биыл 10 мың гектарға жетті. Бұл өсімдіктің бір ерекшелігі – тозаңдануы үшін жәндіктің керегі жоқ, жел болса болды. Әр собығы тек тақ саннан тұратын дәнге толы жүгерінің көлемі 2027 жылы 28 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Биыл сушылар Сырдағы егіске 3,2 млрд текше метр су лимиті бекітілгенін мәлім еткені белгілі, тиімділік үшін 398 насос іске қосылды. Былтыр Сырдария ауданында крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды. Алдағы қыркүйек айында 30 мың тонналық қойма мен кәсіпорынның кептіру кешені жұмысын бастайды, ал жүгері қабылдау айдың соңына дейін басталады. Жүгеріден крахмал, шәрбаттар, сынды 27 түрлі өнмі алынады.


Жүгері демекші, үлкендер жағы жақсы біледі, кеңес өкіметі кезінде Хрущев деген басшының тұсында «жүгері – алқап патшайымы» деген ұранмен бұл өсімдікке сұмдық бетбұрыс болды. Ол кезде көптің есінде, жүгері ауыспалы егіс схемасы бойынша орналастырылып отырды. Ол дәуірде облыс бойынша жыл сайын 40 мың тоннаға жуық жүгері өсірілген деген дерек бар. Шыны керек, жүгеріні біз малға азық ретінде қарап келдік. 

Бүгінде аймақтың агрокартинасына өзгеріс енгізген осы жүгері дедік. Неге жүгері? Себебі бүгінде жүгерінің рентабельділігі, яғни одан түсетін пайда күріштен әлдеқайда жоғары болып отыр. 

Жүгерінің тісқаққан мамандары көп емес шығар аймақта, себебі де түсінікті, біз басымдықты жылдары бойы күрішке беріп келеміз. Бұл ретте қытайлық агрономдар ақыл қосып жатыр екен. Солай-солай тәжірибе жинап, «егістік алқабының патшайымы» атанған дақылдың да көлдей пайдасын көретін күн алыс емес. Кино көргенде өзгенің попкорнын емес, өзіміздің жүгеріден жасалған попкорнды жеп, таңғы асқа жүгері ботқасын тұтынған әлдеқайда тиімді болмақ. 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар