Сөзі дастан сүлейлердің сарқыты
#qyzylordatv
Қара сөздің қаймағын қалқып, ғасырлардан жеткен бай мұраны дәріптеген өнер иелерінің бірегейі – жырау Демеубай Жолымбетов. Таңды таңға ұрып жырлайтын, көкірегі қазынаға толы Сыр перзенті 40-тан астам дастанды жатқа біледі. Жады мықты, сөздік қоры бай сүлейлердің сарқыты Демеубай Жолымбетовтің білген-түйгенін алтын қорға сақтау үшін «Қызылорда» телеарнасында арнайы түсірілім жүруде.
Иә, бір аптадан бері телеарнаның студиясында күмбір күй шалқып, жырау жинақтаған мол мұра тарих болып таспалануда. Жады да, болмысы да бөлек өнер иесінің орындауында «Едіге», «Қарасай Қази» сынды дастандарды жазып алу жұмысы былтыр да жүргізілген болатын. Биыл «Сартай», «Жанқожа батыр», «Әзіретәлі мен Дариға қыз», Базар жыраудың «Мақпал – Сегіз», «Әмина қызы», Омардың «Үш күлшесі», Тұрмағамбеттің «Тұтқын қыз» дастаны және өзге де терме-толғаулар телеарнаның алтын қорына қатталып жатыр.
ДЕМЕУБАЙ ЖОЛЫМБЕТОВ – ЖЫРАУ
Көңіл ұнаса тоқып алып жүрдім. Менің ойымда соны біреу тыңдайды ау, тыңдалмай қалады деген ой болған емес. Көңілге тоқып алмасаң ана дүниелерге қиянат жасағандай, керек болып қалатындай болады өзі. Молайтқан сайын молайтқың келе береді.
Арал ауданының Ақбасты ауылында дүниеге келген Демеубай Жолымбетов жастайынан әкесі айтқан жыр-термелерді көңіліне тоқып өсті. 5-6 жасында-ақ домбыра тартып, оқушы кезінде алғаш рет «Майданға хат» өлеңін орындады. Құйма құлақ, өзі зерек ауыл баласының үлкен өнерге қадам басқаны сол кезден-ақ байқалғандай. Дегенмен оқу бітіргесін мәдениет үйінде, кейін мұнай саласында еңбек етті. Ал 35 жасқа аяқ басқанда ұлттық мұра – жыр-дастанға ден қойды. Бүгінде жырау мыңдаған жолдан тұратын дастандардың мазмұнын бұзбай, мүдірмей жырлайтын талант иесі.
ДЕМЕУБАЙ ЖОЛЫМБЕТОВ – ЖЫРАУ
Толғаулар, термелер бұның қанша екенін білмейм. Наурызбай жырау термесінде бар еді, Ат қартайса, ұрыншақ. Ер қартайса, мақтаншақ деген. Кейде айт қалатын болып жүрмін. Дәл қазір 40 дастан болды. Ұзын қысқасы бар. Ең ұзақ дастан Қарасай Қази, ол 8 мың жолға шығады, мен соның 6 жарым мың жолын білемін. Едіге 5 мың жолдай болып қалса, соның 4 мыңдайын білемін.
Ұлттық мұраны ұлықтаған адам ұтылмайды. Демеубай Жолымбетов әрбір адам жастайынан жырмен сусындаса, айтары мол, сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін көңілі жүйрік тұлға болып қалыптасатынын айтады.
ДЕМЕУБАЙ ЖОЛЫМБЕТОВ – ЖЫРАУ
Мәдениет те бар, егер сондайларды жаттайтын болса, қазақилық болмыс-бітім, сөйлеу дәрежең, ой қорытуың, ішіңдегі сөз қорың, ауқымың кеңейде.і Жыр терменің іші сөздің мәйегі ғой. Соны бойыңа сіңіріп, керек кезінде шығарып тұратынболсаң, ауқымың кейдей. Ең болмағанда сол үшін керек. Саханаға шықпай,конкурсқа қатыспаса да өзіне пайда.
Домбыраның қос ішегінен төгілген жырдың әр жолында тағылым бар. Бүгінде жырау терме-толғауларды орындап қана қоймай, кейінгі буынға дәстүрлі өнердің қадірін түсіндіруге үлес қосып келеді.