Жасанды интеллект негiзiндегi радиологиялық жүйе iске қосылды
#qyzylordatv
Аймақта медицина саласын цифрландыруға басымдық берілуде. Мәселен, жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық жүйе іске қосылып, диагностикалық талдаулар жаңа технологияның көмегімен жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллекттің тиімді тұсы қайсы? Қандай артықшылығы бар? Бұл туралы әріптесім Әкімжан Жолтаев айтып береді.
Радиологиялық-ақпараттық жүйе өңірдегі 27 денсаулық сақтау нысанын бірыңғай желіге біріктіріп отыр. Яғни, рентген, маммография, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография аппараттары арқылы жасалған диагностикалық талдаулардың нәтижесін бір жерден көруге болады. Бұл біріншіден тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Екіншіден жасанды интеллект бағдарламасымен жұмыс істеу дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жылдам медициналық қорытынды беруге септігін тигізеді.
ЖАСҰЛАН БАЙМАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Басты мақсаты науқастарға уақытылы, қолжетімді, сапалы ем беру. ..Осы бағдарламаның арқасында біз 133 маман оқытылды осы жобаның ішінде. Жүйеге қазір 300 қолданушы қосылып жатыр. Бүкіл рентген, кт, мрт мамандар бас дәрігердің бәрі бір жүйеге қосылып тұр. Кабинетке барып жүгіріп қарау жоқ. Бәрі өз кабинетімізде
Жасанды интеллекттің басты артықшылығы 1 мм-ден басталатын ісіктерді жоғары дәлдікпен анықтауға, қашықтан диагностика жасауға мүмкіндік береді. Өңірдегі медициналық ұйымдарда бүгінгі күнге дейін 165 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілсе, соның ішінде, жасанды интеллект көмегімен өкпе обыры бойынша 22 688, сүт безі обыры бойынша 14 мыңнан астам зерттеу талданған.
АСҚАР ТЕМІРБАЕВ - СӘУЛЕЛІ ДИАГНОСТИКА БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Жасанды интеллект енді патологиялық ошақты анықтап беруге көмегі бар. Бірақ, соның өзінде интерпретация жасаған кезде дәрігердің нақты соңғы шешім дәрігерде болады.....
Мамандардың сөзінше, жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастыра алмайды, дегенмен шешім қабылдауға көмектесетін қосымша диагностикалық құрал ретінде тиімді болып отыр.