Балалар қауіпсіздігі қаншалықты қорғалады?
#qyzylordatv
Тақырыпқа тұздық. Енді мектеп маңындағы қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты сақталған, жалпы балалардың қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінуде? Мәселен, жыл басынан бері жол апатынан 266 бала жарақат алған. Жүйткіген көліктердің жаяу жүргінші жолағында жасөспірімдерді қағып кетуі жанымызға батады. Қыркүйек қыр астында, бір аптадан соң балалар мектепке барады. Бұл тақырыпты әріптесім Елдос Асан зерделеп көрді.
Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру қашан да маңызды. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздікті күшейту керек. Бүгінде мектеп айналасындағы жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, «Назар аударыңыз, балалар!» деген ескерту белгі орнатылуда. Тіпті, 25 көшеде «Сұңқар» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
НҰРКЕН БАҚТИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда 67 дана жол белгілері мен 29 жердің жасанды тегіс емес қондырғылары қайта қалпына келтірілісе, жаңадан 72 дана жол белгілері орнатылып, 110 жердегі жаяу жүргіншілер өткелдері үстіндегі таңбалар жаңарту жұмыстары қазіргі таңда жүргізілуде.
Десе де, заманауи камералар мен жаңартылған жол белгілері балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмай тұр. «Балалардың жолда жүру ережесін сақтамауынан қайғылы жағдайлар орын алуда», дейді мамандар.
НҰРКЕН БАҚТИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жыл басынан бастап 684 жол көлік оқиғасы тіркелген болса, оның 49,8 пайызы, яғни 341 дерегі жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алып отыр. Ол жол көлік оқиғаларының салдарынан 266-ға жуық балалар түрлі дене жарақаттарын алып, зардап шегуде. Орын алған жол көлік оқиғаларының 70 пайыздан астамы жаяу жүргіншілердің жол талабын орындамау салдарынан, белгіленбеген орындарда орын алған.
Қауіпсіздік шаралары тек көшеде емес, білім беру ұйымдарының ішінде де қарастырылған. Мәселен, облыстағы 300-ден аса оқу ошағына бейнебақылау орнатылған. Камералар жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Мектептер турникет және металл іздегішпен толық жабдықталған. Дабыл батырмалары да жұмыс істеп тұр. Қауіпсіздікке жауап беретін күзет агенттігінің қаншалықты жылдам екенін тексеріп көрдік. Күзетшілер шұғыл көмекке 7-10 минут ішінде келді.
НАҒАШЫБАЙ ЖАЛҒАСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Талаптарға сәйкес жеке күзет ұйымдарының жедел ден қою топтары 15 минут көлемінде қауіпсіздік қамтамасыз ету бағытында келуі тиіс болса, бүгін 3 гимназия мектебін зерделеу бағытында тиісті деңгейде қызметкерлер талаптарға сәйкес келді.
Мектепте оқушылар арасында әлімжеттік пен қорлау да үлкен қауіпке айналған. Бұл мәселе әлеуметтік желілерге ойысып, кибербуллингке ұласып жатыр. Интернеттегі қоқан-лоққы мен мазақ ету баланың психологиясын улап, кейде қайғылы жағдайға итермелейді. Сондықтан бұл бағытта да шаралар күшейтілмек.
ЕРДӘУЛЕТ ЖАУКЕЕВ – ОПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Көбінесе оқушылар арасында кездесетін буллинг, кибербуллинг деректері. Яғни, кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу буллинг, кибербуллинг 2024 жылдан ҚР ӘҚБтК-не 127-2-бап болып енгізілді.Жыл басынан осы күнге дейін 14 дерегі анықталды, жаңа оқу жылындада білім беру ұйымдарымен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Бұдан былай білім ошақтарында қауіпсіздік сабақтарын өткізуде жоспарлануда. Тіпті, жол жүру ережесін жеке пән ретінде оқытпақ. Жаңа пәннен педагогтер мен психологтар сабақ береді. Оны 5-9-сыныптарға енгізу жоспарланып отыр.