Негізгі Жаңалықтар Журналистер жүздесуі

Журналистер жүздесуі

#qyzylordatv 

Қызылордада республикалық Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Ашық алаңда қоғамдық диалогты ақпараттық сүйемелдеу тетіктері таразыланып, жас тілшілерге журналистикадағы заманауи тәсілдер түсіндірілді. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.   


 Журналистер клубы осыдан 16 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылды. Бүгінде аталмыш ұйымның барлық аймақта өкілдіктері бар. 500-ге жуық журналист осы клубқа мүше. Міне сол қалам ұстаған қауымның кезекті жүздесуі Сыр өңірінде ұйымдастырылып отыр. Талқы алаңында қоғаммен ашық әрі сындарлы диалог орнатудың медиадағы маңызы айтылып, тілшілік тіршіліктегі өзекті мәселелер сараланды.   


ӘЛІШЕР САТВАЛДИЕВ – ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Қазақстан халқы кеңесі құрылып, өз жұмысын бастағанда ассамблея әлеуеті, жергілікті мәслихаттар, қоғамдық кеңестер және үкіметтік емес ұйымдар соның бәрінің басын қоса отырып, жұмыс атқару. Бұл дегеніміз біздің журналистер клубының жұмыс ауқымы еселеп артайын деп тұр. Міне соған дайын болу үшін осы семинарды өткізіп отырмыз


 Семинардың практикалық бөлімі журналистік жұмыстың заманауи құралдарына арналды. Шыны керек, қазір ақпаратты жедел әрі тұшымды жеткізу үшін қолданылатын жасанды интеллект тетіктері жетерлік. Ал оны жүйелі пайдалану кәсіби дағдымен қатар, жауапкершілікті талап етеді. Осы ретте клубтың медиа тренерлері бірнеше бағыт бойынша жас журналистерге дәріс өтті.  


 ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ  

Жаңа ата заңымыз дүниеге келді. Елде үлкен реформалар жүріп жатыр. Мемлекет басшысының саясатын дұрыс бағытта түсіндіру жолында аймақтағы журналистердің орны ерекше. Елді шатастырмау керек, елге шынайы ақпарат беру керек. Ақпаратқа негізделген жаңалықты жеткізуде журналистер клубы тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатыр. Этнос аралық қарым-қатынас үлкен маңызға ие


 Әлемді ақпарат қоршап тұр. Қазір медиа майданға айналды. Қай елдің коммуникациялық құралы озық болса, соның ұпайы түгел. Ал, осы қым-қуыт майданның бел ортасында «журналист» деген жауынгерлер жүреді. Антына адал тілшілер қауымы уақытпен санаспайды. Аптап ыстықта да, аязды сәтте де көтерген мәселесінің жүгін арқалап кез-келген жерге кете беретін әріптестеріміз жетерлік. Ал, журналситер клубы осы мәртебелі маман иелерінің кәсіби шыңдалуына үлес қосып келе жатқан бірден-бір ұйым.


 ЕЛЕНА РЫБИНА – ОБЛЫСТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ЖӘНЕ САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ  

Бұл отырысқа республиканың әр бөлігінен 70-тен астам делегат келіп отыр. Елімізде болып жатқан реформаларды, саяси жаңалықтарды қоғамға кеңінен насихаттау әрі ақпараттық қолдау көрсету. Бүгінгі жиын барысында әртүрлі пленарлық сессиялар өтіп жатыр. Кез-келген қатысушы қандай да бір әдістемемен қаруланады деген ойдамыз. Өңірімізде журналситер клубы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Оның құрамында 20-дан астам мүше бар


 Бүгінде елімізде 53 этностық басылым жұмыс істейді. Олар жұртшылыққа 15 тілде ақпарат таратады. Мақсат біреу: елдің ымыралы тірлігін бұқараға бәз қалпында жеткізіп, татулықтың тұғырын теңселтпеуді көздейді. Осы маңызды міндетті арқалаған журналистер клубының кезекті отырысы енді Абай облысында өтпек.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар