Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 36 сессиясы өтті
#qyzylordatv
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 36-шы сессиясы өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Сессияның күн тәртібіне ұсынылған өзекті мәселе «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы болды.
Айта кету керек, бұл мәселе сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралып, депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Сондықтан сессия отырысында депутаттардың кейбір сұрақтарына басқарма басшысы қосымша жауап берді.
СӘКЕН МЫРЗАБЕК – ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Кеше облыстық тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутат Ж.Ибрагимұлының сұрағына сәйкес Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінің су аймақтары мен белдеулері жобалық құжаттамасын дайындау жобасына 52 млн 664 мың теңге қаржы бөлу мәселесі қолдау тапты.
Сонымен қатар жиында облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылып, «облыстың, қаланың, ауданның құрметті азаматы» атағын беру қағидалары бекітілді.
Отырыста өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысып, олардың орындалуына ықпал жасап жүрген мәслихат депутаттары марапатталды. Депутат Жанкелді Ысқақ пен Ібайдулла Тілепке «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Сессия соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ел дамуына бағытталған жобаларды жүзеге асыруда атқарушы билік пен мәслихаттың өзара бірлескен жұмысының маңызды екенін атап өтті.
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Талабымыз да, мақсатымыз да бір. Осындай бірлігімізден айырмай, бір-бірімізге тірек болып, сұрақтарды талқылап, оң шешімін тауып, ең маңызды, елге ең керекті жұмыстарды шешейік.