Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтай сессиясына қатысты
#qyzylordatv
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылды. Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазір еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. «Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. «Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын ұрпаққа қажетті заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуға жұмсау жөнінде айтты. «Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады, – деді мемлекет басшысы. Сонымен бірге, Президенттің сөзінше, кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.