Адал еңбекке құрмет
#qyzylordatv
«Адал ниетпен атқарылған әрбір іс – қадірлі, кез келген еңбек – зор құрметке лайық». Күні кеше Ақордада өткен салтанатты жиында Президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған қармақшылық Әбдіхамит Аралбаев жоғары құрметке бөленген болатын. Ал бүгін оны қызылордалықтар «Қорқыт ата» әуежайынан зор қошеметпен күтіп алды.
Мемлекет басшысы марапаттау рәсімінде от пен су, жер мен желдің өтінде жүретін құтқарушылардың еңбегі қашан да еліміздің көз алдында екенін айтты. Сондай-ақ, Президент ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды да ерекше атап өтіп, оларға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Мемлекеттік наградаға ие болғандардың бірі – Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылының тумасы Әбдіхамит Аралбаев. «Оңталап» шаруа қожалығының директоры биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасын қолдау мақсатында өз қаржысы есебінен Ақтөбе ауылына жаңа өрт сөндіру бекетін салып, ел игілігіне табыстады. Бұл – «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясындағы игі істің бірі. Айта кетейік, Әбдіхамит Аралбаев ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген жомарт жандардың бірі.
ӘБДІХАМИТ АРАЛБАЕВ – «ОҢТАЛАП» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мен үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алу үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл өрт сөндіру бекеті салынғанда елдің қауіпсіздігі, адамдардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында салынды. Осы еңбегімізді елеп, қолдау жасап жатқан, құрмет жасап жатқан Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар басшысына, барша қызметкерлерге, қуанып, құрметпен қарсы алып жатқан азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Біздің мақсат – елге қызмет жасау. Қолымыздан келгенше халқымызға қызмет жасаймыз. Алдағы уақытта да қызмет жасауға дайынбыз.