Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін
#qyzylordatv
Бүгін «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен жүздеген ананы ортақ мақсатқа біріктірген облыстық этно-мәдени фестиваль өтті. «Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін» деп аталатын ауқымды шара қазақтың бай мұрасын қайта жаңғыртып, ұлттық киімдегі аналардың салтанатты шеруі Қызылорданың ажарын аша түсті.
Жүзінен мейірім нұры төгіліп, ақ жаулығын кір шалдырмай, үйінің ғана емес, дүйім елдің құт берекесіне айналған қазақ аналарының мінезі, болмысы ғана емес, киім кию әдебіне дейін даналыққа толы. Жас келіннің ақ желек жамылып, аналардың жаулық тартып, әжелердің кимешек киюінің өзі нәзік жандардың абыройы мен парасатын, тазалығын көрсеткендей. Ұлттық құндылықтарымызды айшықтай түскен фестиваль «Сыр Ана» монументі алаңынан басталды. Шарада қатысушылар кимешектің сыртынан оралатын күндік баскиімін 21 метрлік ақ матамен орау дәстүрін тамашалады.
ЗӘЛИПА ТӨЛЕПОВА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ,
Қыз бала дүниеге келгеннен кейін ана болу мақсаты. Тағдыр айдап бір босағаға келін болып түседі.Сол кезде ақ орамал салынады басына. Өскен сайын дәрежесіне қарай орамал өзгере бастайды. Бала болғаннан бастап кимешек кие бастайды, 2-3 бала босанғасын кимешектің күндігі жоғарылай бастайды. +Ата-бабаларымыз ақылды, дана кісі болған ғой, салт-дәстүріміз ықылым заманнан келе жатқан ғой. Енді соны насихаттап, дәріптеп жатырмыз, келешек ұрпақ соны жалғастырушы.
Күндік орау дәстүрінен кейін аналар құзіреттілік орталығына жол тартты. Сәні мен салтанаты келіскен аяулы жандардың көліктегі әні де ерекше.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
«Анамның ақ жаулығы әппақ-әппақ, Айналдым көңіліңнен қардан әппақ» деп ақын өлеңінде айтылғандай ақ жаулық аналардың алғаусыз ниеті мен кіршіксіз көңілін білдіретін бір белгі сынды. Ұлттық мұрамызды жаңғыртып, қазақ әйелдерінің өнегелі жолын дәріптеген фестивальдің маңызды бөлігі – аналар мен әжелердің салтанатты шеруі. Шеру «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығынан басталып, «Анаға тағзым» орталығына дейін жалғасты. Мерекелік шараға жүзден астам әйел қатысты. Оның ішінде әжелер ансамбльдері, мәдениет саласының өкілдері, «Алтын алқа» иегерлері мен көпбалалы аналар, қоғам белсенділері және өнерпаздар бар.
Иә, жаулық ананың ақ жүзін одан әрі ажарландырып, абыройын асыра түсетіндей. Көше бойлай шеру тартқан аналар көші қазақ тарихындағы ханымдардың бекзат болмысын еске түсірді. Ал «Анаға тағзым» орталығында мереке-думан одан әрі шарықтай түсіп, қазан толы бауырсақ пісіріліп, тақырыптық қойылымдар ел назарын аударды.
ФЕРУЗА ОҢТАЛАП – «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Бұл фестивальдің негізгі мақсаты қазақ әйелінің болмысын айшықтайтын, ұлттық киімедерімізді, ақ жаулық ананың ары болса, кимешек әженің нағыз парасаттылығының көрінісі. Осы ұлттық киімдерімізді насихаттау, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жас ұрпаққа насихаттау болып табылады. Бұл шараның мазмұндық ерекшелігін айқындайтын 21 метрлік күндік орау дәстүрін көрсеттік. Аналарымыздың даналығын насихаттағымыз келеді. Сыр анадан Анаға тағзымға дейінгі шеру Қызылорда көшелерін салтанатқа, рухқа бөледі.
Фестивальде кимешектің төрт үлгісі мен жаулықтың үш образы көпшілік назарына ұсынылды. Орталықтың қолөнер шеберлері дайындаған кимешектер кенепті шашақпен әрлеу, жабағы жүнмен жиектеу, тоқыма жіппен өрнектеу және ою-өрнексіз тігу ерекшеліктерімен таныстырылды. Кимешектердің ұзындығы 7 метрден басталды.
Иә, жаулық үлгілері әйелдің отбасылық өмір кезеңдері мен бала санына байланысты өзгере түскен. Шарада қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен дәстүрлі киім мәдениетінің сан қырлы ерекшеліктері айшықталды.
Аймақта алғаш рет өткен фестиваль – ананың беделі мен абыройын асырып, рухани құндылықтарымызды жарқырата көрсеткен мәдени шара болды. Жиын марапаттау рәсіміне жалғасып, аналарға сый-құрмет көрсетілді.