Негізгі Жаңалықтар Денсаулық вице-министрі тұрғындармен кездесті

Денсаулық вице-министрі тұрғындармен кездесті

Сыр өңiрiне жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау вице-министрi Тимур Мұратов «Достық» үйінде халықпен кездесті. Жүздесуде салада атқарылып жатқан жұмыстар мен оң өзгерiстердi баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап бердi.


Вице-министр алдымен саладағы оң өзгерістерге тоқталды. 2025 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 74,88 жасты құрап отыр. Негізінен медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігі маңызды. Мәселен емханалардағы кезектерді және жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту үшін олардың қабылдау уақыты 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды, сонымен бірге дәрігердің күнделікті атқаратын бірқатар функциялары мейіргерге беріліп, мейіргердің дербес қабылдауы енгізілген. Дәрігерге онлайн жазылу енгізіліп, пациенттің маршруты оңтайландырылды. Нәтижесінде қабылдауды күту уақыты 2 аптадан 2-3 күнге дейін қысқарған. 

2025 жылдан бастап нысаналы топтың жасын 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайта отырып, скринингтік бағдарламалар кеңейтілді. 50-ден 76 жасқа дейінгі ерлер үшін екі жылда бір рет инсульттің даму қаупін ерте анықтауға арналған скрининг енгізіліп отыр. Тимур Мұратов тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, кездесуден соң жеке қабылдау өткізді. 

Бөлісу