Мектеп оқушыларының облыстық слеті өтті
Қазалы ауданында «Тәуелсіздік ұрпағы: Жаңа дәуір. Жаңа мүмкіндік» атты мектеп оқушыларының облыстық слеті өтті. Ауқымды іс-шараға жеті ауданның ең үздік оқушылары қатысты. Олар зияткерлік және әскери-спорттық сайыстарда сынға түсіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған облыстық слетке қатысушылар алдымен қылқалам және қолөнер шеберлерінің тың туындылары қойылған көрмені тамашалады. Оқушылардың еңбектері табиғат, салт-дәстүр және тарих тақырыптарына арналған. Бояуы қанық картиналар, саз балшықтан жасалған құмыралар жас жеткіншектердің шексіз қиялы мен шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті.
Жас ұрпақты білімді әрі саналы етіп тәрбиелеу маңызды міндет. Осындай бастамамен ұйымдастырылған іс-шарада әртүрлі зияткерлік және пәндік олимпиадаларда топ жарған, қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүрген 100-ге тарта оқушы бас қосты. Жиында сөз алған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов облыстық слеттің маңызына тоқталып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Салтанатты жиыннан соң оқушылар зияткерлік ойын, жас ақындар мен көркемсөз оқу шеберлерінің мүшәйрасы, дебат және әскери-спорттық секцияларға бөлініп, өзара сайысты. Әскери сайысқа қатысушылар жылдамдыққа жүгіріп, түрлі кедергілерден өтті. Сондай-ақ, уақытқа автоматты шашып-жинап, мергендіктерін сынап, жарыс көркін қыздырды. Нәтижесінде, Арал ауданының оқушылары эстафеталық жарысты 5 минут 41 секундта аяқтап, үздік деп танылды.
Ал, дебат ұшқыр-ой бойынша қармақшылық Тұрар Кәрібай мен Арал ауданының 10 сынып оқушысы Меруерт Жеткербайдың сөз саптауы қазылар алқасының көңілінен шықты. Іс-шара қорытындысымен секциялар бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар облыстық білім басқармасының арнайы дипломымен марапатталды.