Негізгі Жаңалықтар Қазақ тілінің әлеуеті артып келеді

Қазақ тілінің әлеуеті артып келеді

#qyzylordatv 

Ана тіліміздің абыройы артып, ауқымы кеңейіп келеді. Тың технологияның тілі де бізге қарай бет бұрған. Мұны кеше «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысының өзі айтты. Жұрт жаппай қолданатын жасанды интеллектіде қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін меңгеруді үйрететін 12 мың сағат аудиожазба жинақталыпты. Ұлтты ұйыстырған ұғымның қадірін арттыру үшін тағы не істеліп жатыр? 


ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

 Біздің тілімізді аударма жасау кезінде де, немесе тілді қоғамдық өмірдің барлық саласында және түрлі стилдік мақсатта қолданған кезде қателіктер болмай, дәл дұрыс қолданысы, этимологиясы, тіркестік қабілеттер көрініп тұруы үшін электронды базада сол дұрыс қолданыстардың барлығы да болу керек. 


Ана тіліміздің әлеуетін әлемдік компаниялар да мойындай бастады. Мәселен Google секілді алпауыт ұйым жасанды интеллект жүйесіне төл тілімізді енгізген. Ал Яндекстің өнімдерін қазақша қолданатындар саны 30 пайызға артқан. Тіпті ұлттық сөз өнері Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының субтитрлеу жүйесіне енгізілді. 


  ҚАЙРАТ ТӨРЕБАЕВ – ҚР ДСҰ ЖӘНЕ ЖЕНЕВАДАҒЫ БАСҚА ДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ 

Алғаш рет қазақ тілі осы ұйымның ЖИ арқылы жасайтын аударма жүйесіне енгізілді. Енді әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылардың сөздерін қазақ тілінді бірден оқуға болады. Бұл Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілеттіктің нақты бір жұмысының нәтижесі деп сенемін. 


Тек ғылымда емес саланың сан түрінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек. Әсіресе әлеуметтік желідегі ана тілді контентті көбейткен абзал. 


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ 

Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет. Қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс.


Сондай-ақ Президент тілдегі бірізділік мәселесін тілге тиек етті. Бұрын қылтима секілді құлаққа түрпідей тиетін сөздер әр бұрыштан қылтиып тұратын. Сондықтан ұтымды сөздер мен ұғымды аудармаларды көбейтіп, олардың сауатты жазылуын жауапты органдар реттеп отыруы керек, - дейді сарапшылар. Себебі, шұрайлы тілдің шырайын кіргізудің орнына, шала бүлініп жүргендер бар.  


 ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

 Ондай сөздерді кейде біздің бір басқа ниеттегі адамдар қазақ тілінде жасалған кейбір сөздердің кемшілігін теріп, бірді-екілі сөздің қазақ тіліндегі сөз жасаудың мүмкіндігі төмен немесе жасалған сөздер сапасыз дегенді де айтқысы келеді. Ол олай емес. Кеше президент атап көрсеткендей сәтті жасалған сөздер өте көп. 

Бөлісу