Негізгі Жаңалықтар Статистика саласының мамандары марапатталды

Статистика саласының мамандары марапатталды

#qyzylordatv 

Елімізде 8 қараша - мемлекеттік статистика күні ретінде ресми бекітілген. Атаулы датаға орай облыстық статистика департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталды.  


Мемлекеттік статистиканың тарихы осыдан 106 жыл бұрын басталған. Яғни, 1920 жылдың 8 қарашасында «Қазақ АКСР-ындағы мемлекеттік статистикасы туралы Ереже» бекітіліп, алғаш рет статистика басқармасы құрылды. Статистика жәй ғана сандар жиынтығы емес. Ол деректер мен дәйектерді топтастырып, елдің әлеуметтік экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатынан ақпар беретін қиын әрі күрделі сала. 


ҚАЙРАТ ӘБСҰЛТАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ 

Қазіргі таңда департаментте 88 мемлекеттік қызметші еңбек етіп, өңірдің статистикалық деректерін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда....


Қазір статистикалық мәліметтер электронды форматта беріледі. Бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Бұл сала қызметкерлеріне де, респонденттерге де тиімді. Дегенмен әрбір цифрдың артында үлкен жауапкершілік бар. Сондықтан қателікке жол беруге болмайды. Салтанатты іс-шарада сан түрлі саланың статистикасын жинап, сараптап жүрген есепке жүйрік мамандар марапат мінберінен көрінді.  


 Айта кету керек, биыл алғаш рет саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған зейнеткерлерге Ұлттық статистика бюросының «Статистика саласының ардагері» медалі табысталды. Бұл жоғары марапатқа Рысты Мәндібаева мен Галина Ермекова ие болды. 


Мерекелік жиында жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп, ерекше еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге «Статистика саласының үздігі» төсбелгісі, облыс, қала және департамент басшысының Алғыс хаты табысталды. Шара барысында әлеуметтік әріптестер мен серіктестер де сөз алып, сала мамандарын мерекемен құттықтады.  

Бөлісу