Медицина саласы мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін көтеріледі
#qyzylordatv
Елімізде келесі жылдан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін көтеріледі. Сондай-ақ жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігі кеңейіп, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылмақ. Облыстық жұқпалы аурулар аураханасының ұжымы Президент Жолдауында басымдық берілген бағыттарды талқылады.
Аймақ дәрігерлері мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын асыға күтеді. Себебі, онда медицина саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, жағымды жаңалықтар айтылады. Президент биылғы Жолдауында елімізде медициналық инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аударылатынын айтты. Нақтырақ айтсақ, алғашқы кезеңде аймақтарда 70 денсаулық сақтау нысаны салынады. Соның ішінде, перзентханалар, замануи үлгідегі ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Жолдауда мұнан бөлек, дәрігерлер мен медбикелерге еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін қосымша ақы төлеу мәселесі көтерілді. Яғни, келесі жылдың қаңтар айынан бастап 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысы артады.
ӘДІЛБАЙ МЕДЕТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Тағы бір қуанарлық жағдай келесі жылдан бастап үлкен республикалық құрылыс басталайын деп жатыр. Соның ішінде медициналық нысандар бар. Соған біз қуанып жатырмыз.