Негізгі Жаңалықтар Тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігі артты

Тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігі артты

#qyzylordatv 

Дуальді оқыту жүйесін дамыту, білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту және жас мамандарды кәсіби даярлау сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік серіктестердің тәлімгерлеріне арналған «Тәлімгерлік мектебі» оқыту курсы өтті.


 Курс барысында қатысушылар тәлімгерліктің заманауи әдістері мен тәсілдерін, жас мамандарды ынталандыру жолдарын, кәсіби қарым-қатынас орнату ерекшеліктерін және өндірістік практика кезінде білім алушылардың қызығушылығын арттыру тетіктерін меңгерді. Оқыту бағдарламасы теориялық дәрістермен қатар, тәжірибелік тапсырмалар, топтық жұмыстар, интерактивті жаттығулар мен іскерлік ойындарды қамтыды. Қатысушылар нақты өндірістік жағдайларды талдап, тәлімгер мен жас маман арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Айта кетейік, аталған курсқа дуальді оқыту жүйесінде жұмыс істейтін әлеуметтік-серіктес кәсіпорындардың 66 тәлімгері қатысып, арнайы сертификаттарын алды. Ал, жыл басынан бері барлығы 102 тәлімгер біліктілігін арттырып, Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлер тізіміне енген. 


 ӘЙГЕРІМ РАҚЫМЖАНОВА – ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Дуальді оқыту бойынша біз барлық аудандардан, өндірістік орындардан және оқу орындарынан тәлімгерлерді тартамыз. Қысқаша оқу курсында жаңадан келген тәлімгерлер теориялық және практикалық бағытта жаңа талапқа сәйкес курстан өтеді. 


 МЕЙІРЖАН ТЕМІРБЕКОВ – СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ  

Осы семинар арқылы көптеген өзімнің білмейтін тұстарымды шыңдап, нақты өзіме керекті профессиямның қай тұстары маңызды екенін түсініп отырмын. Біз осы ретте бизнесмендермен де кездестік. Оларменде сөйлестік. Арнайы методикамен өткен сабақтар өте қызықты әрі тың ақпараттар алдық.

Бөлісу