Ақжарма тілек, құшақ-құшақ гүл, риясыз көңіл бәрі-бәрі бала тәрбиесінің бағбаны Күләй Ермағамбетованың құрметіне арналды. Отыз жылдан астам ағартушылық салада тер төккен ұстаздың еңбегінің бағаланғаны, мерейінің еселене түскенінің көрінісі бұл. Еңбек жолын балабақша тәрбиешісінен бастап, әдіскері болып жалғастырған білікті педагог кейін басшылық қызметте де іскерлігін көрсетті. Әсіресе, балабақша жүйесін жандырудағы еңбегі орасан. Ол бөбекжайдағы тамақтану әдебін қалыптастырып, ойды дамытатын түрлі үйірмелер ашты, тәрбиешілердің біліктілігін жетілдірді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға қарамастан облыста республикалық семинар өткізді. Бұл дегеніңіз нағыз ерліктің үлгісі, балалардың болашағына деген алаңдаушылықтың көрінісі.
Күләй Ермағамбетова – ҚР білім беру ісінің үздігі, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
Күләй Ермағамбетова Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға біліммен қатар тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзін өмірлік ұстаным еткен жан. Соның арқасында мектепке дейінгі тәрбиені дамытуға айрықшы үлес қосты, шәкірт тәрбиеледі.
Нәйла Палымбет – білім саласының ардагері
Білікті маманға кәсіптік білім жүйесіне де жаңашылдық енгізу міндеті жүктелді. Мұнда да ол ұйымдастырушылық қабілетінің зор, әлеуетінің мол екенін көрсетті. Жалпы, Күләй Сағындыққызы өмірде мамандықтың да, адамдықтың да шыңына құлаш сермеген жан. Сауын айтып келген кез-келген мейманға құрақ ұшып, төріне шығарды. Айналасындағының барлығын бауыр, дос санады. Абырой биігінде отырғандығы сөзіміздің дәлелі.
Күлбарам Сәдуақасқызы – Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры
Жетпістің жотасына шықса да ол қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Қазір облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысын ұйыстырып, түрлі шаралардың мазмұнды өтуіне атсалысып келеді. Бейнет, тірлік, соның бәрін еңсере жүре болмысыңды жоғалтпау. Бұл қазыналы жанның өмірлік бағдары, мақсатты жолы.
Тәжімұрат Әлжанов