Қазақ тіл білімі тағы бір еңбекпен толықты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ тіліне аударылған «OXFORD QAZAQ DICTIONARY» сөздігінің таныстырылымы өтті.
Елімізде тұңғыш рет жарық көрген сөздікте жалпы саны 60 мыңға жуық сөз қамтылған. Оны мемлекет басшысының тапсырмасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады. Осы еңбектің негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages (Оксфорд глобл лангуйджес) платформасына қосылмақ. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау.
«Oxford Qazaq Dictionary» қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосуға мүмкіндік береді. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары атсалысты. Оған қоса, қазақ және ағылшын тілінің лексикасына машықтанған 50-ден аса ғалым қатысты. Аударма құралын әзірлеуде Oxford Global Languages сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынған. Қазіргі таралымы 10 мың дана. Соның 65 дана сөздігі университеттің кітапхана қорына табысталды.
Жиында пікір алмасқандар «Тіл мамандары үшін таптырмайтын көмек құралы» деп баға берді.
Мамандардың сөзінше, сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілген. Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері де көрсетілген.