#qyzylordatv
«Қайсар» футбол клубы жаңа ойыншылармен толықты. Олардың барлығы да қазақстандық аяқдопшылар. Ендігі мақсат премьер-лигадағы орнын сақтап, үздіктер қатарынан көріну. Бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев алғашқы жартыжылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, арнайы жиын өткізді.
«Қайсар» командасы биыл шетелдік футболшылардан бас тартып, қазақстандық спортшыларға сенім білдірді. Әу баста бұл шешім жанкүйерлер арасында біраз пікірталас тудырғаны рас. Дәл қазір «қасқырлар» 16 ойын өткізіп, 12-ші орынға тұрақтады. Үздік ондықтың құрамына енуге мүмкіндік бар. Осы мақсатта команда құрамы жаңа ойыншылармен толығып отыр.
БАҚТИЯР АРТАЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ / Қазіргі таңда жоспар қойып отырмыз. Командаға уәде еткендей 3 ойыншы алдық. Тағы да екі ойыншы алсақ па деген ойымыз бар. Үздік ойыншылардан.
Биыл президент спорт саласына қатысты Заңға қол қойды. Енді олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық берілмек. Ол үшін спорттық инфрақұрылымды жақсарту, мамандардың кәсіби біліктілігін көтеру, бөлінген қаржыны дұрыс бағытта игеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал, жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған спорт мектебінің басшылары жұмыстан босатылмақ.
БАҚТИЯР АРТАЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ / Нақты зерделеу жұмыстары болады. Мен ойлаймын, бүгінгі тапсырмадан кейін олимпиадалық спорт түрлеріне нық өтіп, басымдық беретін боламыз. Басымдық болған жерде міндетті түрде нәтиже болады. Нәтиже бар жерде, ел абыройы, көк туымыз желбірейтін болады.
Алқа отырысында «Теннис спорт түрлері бойынша» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Велосипед спорт түрлері бойынша» кәсіпқой спорт клубының, сондай-ақ, жақында ғана ашылған «Бокс» клубына директорлар тағайындалды. Басқарма басшысы лауазым иелерінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.