#qyzylordatv
Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің ақпарына сүйенсек, Қызылорда еліміз бойынша баспана бағасы ең арзан өңірлердің қатарына енді. Қазір облыс орталығында тұрғын үйдің шаршы метрі 246-250 мың теңге аралығында саудалануда. Сатып алушылар нендей тәуекелдерді ескеруі тиіс? Алдағы уақытта баспана бағасы құбылуы мүмкін бе? Тілшіміз зерделеп көрді.
Аймақта соңғы екі жылда құрылыс жұмыстарының көлемі бес есе өскен. Тиісінше, Қызылорда облысы тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша өңірлер арасында алдыңғы үштіктен көрініп отыр. Салада қозғау болғандықтан бағаға да біршама әсері байқалады. Салыстырмалы түрде тарқатып айтар болсақ, еліміз бойынша ең қымбат пәтерлер Алматы қаласында тіркелген. Яғни, Алатау баурайындағы әсем шаһарда баспананың бір шаршы метрі 759 мың теңгеден саудалануда. Елордасы Астанадан үйлі болғыңыз келсе, тұрғын үйдің әр шаршы метріне 517 мың теңгеден төлеуге дайын болыңыз. Өңірлерге келсек, Ақтөбе мен Талдықорғанда бұл көрсеткіш 312 мың ал, Тараз қаласында 304 мың теңгенің маңайында. Осы көрсеткіштерге сүйенсек, ең арзан пәтер Сыр өңірінде екен. Қазір Қызылордада тұрғын үйдің әр шаршы метрі 246 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл көш басындағы қаладан бақандай 513 мың теңгеге арзан. Дегенмен, су тегін ештеңе жоқ. Қазіргі баспана бағамы қараша халыққа қаншалықты тиімді? Тұрғындарды сөзге тарттық.
Сауал салмақты, сондықтан пікір де әралуан болуы заңды. Бір анығы, біз ұсынған статистикалық деректер ресми көрсеткіш. Ал еркін нарықта баға басқаша құбылуы бек мүмкін. Мұны сала маманы растап отыр.
АЙДОС МЫРЗАБАЙ – ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ /Қызылордадағы бастапқы тұрғын үй бір шаршы метрге 300-350 мың теңге тұрады. Қайталама нарықтағы тұрғын үй 150 мыңнан басталып, 300 мың теңгеге дейін жетеді. Басқа қалалармен салыстырғанда бізде ең арзан тұрғын үй бар. Себебі-аз халық, аз ірі өндірістер, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің көпшілігі/
Тілші: Үйің болмай, күйің болмасы белгілі. Бүгінде Сыр өңірінде 36 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Жылына мың баспана салынғанның өзінде бұл мәселе бүгін-ертең шешіле қоюы неғайбыл. Сондықтан, жұртшылықтың дені арзан болғандықтан екінші нарықтағы үйді саудалайды. Ал тозығы жеткеннің топсасы да тез кетілері белгілі.
Көпшіліктің жағдайы бір тақылеттес, жаңа баспана сатып алуға бәрінің бірдей жағдайы жете бермейді. Сондықтан тұрғын үйді банк арқылы рәсімдейтіндер көп. Кәсіби маманның пікіріне сүйенсек, баспананы қыс мезгілінде сатып алған жөн. Өйткені, нарық бос, саудаласуға айтарлықтай қолайлы болмақ.