#qyzylordatv
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Мәскеу авиациялық институтының студенттері бір айға өндірістік тәжірибеден өтуге келді. Көршілес елдің жастары өңірдегі жетекші оқу ошағында аймақтың экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, өндірістік жобалармен таныспақ. Білім саласындағы әріптестік байланыс турасында тілшіміз сабақтайды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тек өңірде ғана емес, еліміз бойынша ең ілгері білім ошақтарының бірі. Университет бүгінде 170 шетелдік оқу орнымен қатынас орнатып, жаңа заманғы білім үдерісінің үдесінен шығып келеді. Соның ішінде Мәскеу авиациялық институтымен іскерлік байланыс бекем. Бұл жолы көршілес елден арнайы өндірістік тәжірибеден өтуге 20-ға жуық студент келді.
ВАЛЕРИЯ САЛИМГАРЕЕВА – МӘСКЕУ АВИАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ПРАКТИКА ЖЕТЕКШІСІ /Бұл өндірістік тәжірбиенің мақсаты – студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамыта отырып, ғылыми-практикалық тұрғыда білімдерін жетілдіру. Сондай-ақ, осы өңірдің экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, нақты жобаларға жол салсақ, дейміз. Айта кетерлігі, Қорқыт ата университетінің техникалық базасы соңғы үлгіде екен. Студенттеріміз еркін тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасалған/
Мәскеуден келген білім ізденуші жастармен университет ректоры арнайы жүздесіп, өндірістік тәжірибе алмасу кезеңі сәтті өтуін тіледі. Шара аясында студенттер инженерлік бейіндегі зертхана мен жасанды интеллект институтының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы мұражайын асықпай аралап, аймақ тарихынан сыр шертетін құнды деректерге қанықты.
СВЕТЛАНА ҚОЖАМБЕРДИЕВА – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚУ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ / Практика барысында студенттер өсімдіктердің түрлік құрамын анықтайды. Топырақ пен судың қарапайым анализдерін жасайды. Сонымен қоса, біздің университеттің түрлі бағдарламаларын таныстыру мақсатында орталықта видео съемка болады. Біздің университеттің ЖИ негізіндегі зертханамызға таңқалыстарын білдірді. Осындағы көптеген ғылыми жобалармен танысып жатыр/
Айта кетейік, бүгінде екі оқу ордасы бірлесіп, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр.