Қызылордалық полицейлер үш жыл бұрын жасалған қылмысты ашты. Яғни, 2021 жылдың 21 ақпан күні бетперде киген белгісіз біреу Шымкент-Самара тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасап, қомақты қаржыны үптеп кеткен болатын.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті көптен бері іздеуде жүрген. Ол кассир мен күзетшіні қарумен қорқытып, қылмыстық әрекетті жүзеге асырғаны белгілі болды. Осы жылдың қаңтар айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 25 жастағы Шиелі ауданының тұрғыны құрықталды. Тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдеме ретінде қолдан дайындалған қос ұңғылы шолақ мылтық тәркіленіп, күдікті дереу қамауға алынған.