Қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген
Жыл басынан бері елімізде қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Статистикадағы оң өзгеріс көңіл қуантады. Дегенмен қауіпсіз қоғам құру жолында әлі біршама жұмыс істеу қажет. Әсіресе алкогольмен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылықты тоқтату және азаматтарды алаяқтардан қорғау мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы міндеттер Үкіметтегі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды.
Ішкі істер министрлігі ішімдік ішетіндермен күресті күшейтіп келеді. Себебі мас адамның өзіне де, өзгеге де қауіп төндіретіні белгілі. Жыл басынан бері ащы сумен байланысты 7 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелген. Қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 184 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды. Енді құқық қорғау органдары мәселенің алдын алудың кешенді моделіне көшпек.