Қауіпсіз қоғам - жарқын болашақ
Қазалы ауданында 9 айдың қорытындысымен 79 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмағандармен бір қылмыс жасалса, оларға қарсы жасалған қылмыстар саны төртеу. Қадағалаушы орган өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Дейтұрғанмен, түн жарымда бей-берекет жүретін жастарды жүгендеу оңай болмай тұр. Осыған орай аудан орталығында облыстық форум өтті. Кеңесте бала тәрбиесі ашық талқыланды.
Баланы өмірге бейімдеуде, мінез-құлқы мен өзіндік көз-қарасын, азамат¬тық ұстанымын қалыптастыруда ата-ананың, ортаның, мектептің орны мен рөлі ерекше. Өкінішке қарай, қазақы тәлім-тәрбиедегі үйлесімділік, ар-ұят уыстан сусып шығып бара жатқандай? Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов кейбір білім беру ұйымдарында бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтындар әлі де бар екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Қазалы ауданында жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен бір қылмыс жасалса, оларға қарсы төрт қылмыс жасалған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Дегенмен, түн жарымда бей-берекет жүретін жастарды жүгендеу оңай болмай тұр. Тіпті оларға «тәйт» деп, тәртіпке шақыра алмаған ата-аналарына да шара көріліпті. Сондай-ақ, 32 оқушы бұзақылығы үшін мектепішілік есепке алыныпты. Шыны керек, қазақы танымға салып, бұл тізімге енбей қалғаны қаншама. Бірақ, мәселе тіпті терең.
Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне қатысты мәселелерге айрықша назар аудару қажет. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Осы бағытта облыс прокурорының бастамасымен өткен оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Адал бала» цифрлық платформасы іске қосылды. Жаңа жоба – мектеп жасындағы балалардың жасына сай құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді.
Форум соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды үйірмеге тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажеттігін айтып, бірқатар тапсырма жүктеді.