ХХХI республикалық фестивалі қорытындыланды
#qyzylordatv
Қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, белгілі театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен Қазақстан драма театрларының ХХХI республикалық фестивалі аяқталды. Сонымен қай театр ұжымының бағы жанды? Қай спектакль үздік атанды? Өнер додасының қорытындысы туралы тілшіміз Дәулет Сағит тарқатып айтып берсін.
Өнер додасында еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 10 театр ұжымы көрермен қауымға үздік қойылымдарын ұсынып, шығармашылық тәжірибе алмасты. Нәтижесінде, қазылар алқасынының шешімімен «Үздік музыкалық шешім үшін» номинациясымен Ақмола облыстық драма театрының «Қараш асуындағы баллада» спектаклінің музыкалық көркемдеушісі Батырхан Сабыр марапатталды. Ал, «Үздік хореографиялық жұмысы үшін» номинациясына Атырау жастар театры ұсынған «Қаралы сұлу» спектаклінің қоюшы-хореографы Анна Цой лайықты деп танылды. Мұнан бөлек, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Қарағай» қойылымындағы «Нұрбол» рөлі үшін Мәулен Сүлеймен марапатталса, «Үздік эпизодтық рөлі үшін» аталымы Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ұсынған «Міржақып» спектакліндегі «Рух» рөлі үшін Зәмзәгүл Бегайдарова берілді.
Сонымен қатар, «Үздік ер адам рөлі» номинациясына Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театрының «Макбет» трагедиясындағы «Макбет» рөлін сомдаған Нұржан Бейсбеков лайық деп танылса, «Үздік әйел адам рөлі» аталымына Түркістан музыкалық драма театры «Пейіш» спектакліндегі «Апа» рөлі үшін Алтынай Нөгербек ие болды. Ал, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясы бойынша Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін көрермен назарына ұсынған Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» марапатталса, «Үздік актерлік ансамбль» аталымына Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ие болды. Сондай-ақ, «Бағыбек Құндақбаев атындағы арнайы сыйлық» номинациясын Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі «Жәмила» қойылымындағы «Бала Сейіт» рөлін сомдаған Медет Батыржан жеңіп алса, «Үздік спектакль» аталымына Семей қаласынан келген Фёдор Достаевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры ұсынған «Қылмыс пен жаза» спектаклі лайықты деп танылды.
РАУШАН ТАНСБАЕВА – Ф.М.ДОСТАЕВСКИЙ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Міне, Фёдор Достаевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры Қазақстан драма театрларының ХХХI республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» номинациясы бойынша марапатталды. Біздің театр сүйер қауымға «Қылмыс пен жаза» қойлыымын ұсындық. Көрермен жылы қабылдады. Біз барымызды салдық. Мықты дайындықпен келдік. Бұл өнер ұжымының еңбегі ақталды. Біз қуаныштымыз.
Осылайша Бағыбек Құндақбаевтың рухани мұрасын ұлықтауға арналған өнер мерекесі ұлттық театрдың бай дәстүрі мен бүгінгі жетістіктерін сабақтастырып, көрерменге тағылымды қойылымдар мен жарқын әсер сыйлады.