Негізгі Жаңалықтар Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады

Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. 


Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті дереу анықтап, құрылыс жұмыстарына кірісу керек. Президент «Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз – деді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс екенін бұған дейін де айтқанын атап өтті. «Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты. Осы тұста Сыр өңіріндегі озық тәжірибені де тілге етті. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек», - деді мемлекет басшысы.

Бөлісу