Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте су тасқынына, кенеге, дала өртіне қарсы дайындық мәселелері талқыланып, құзырлы органдардың жұмыс бағыты пысықталды.
Қазір бейқам отыратын кез емес, еліміздің біраз бөлігі қарғын судан зардап шегіп жатыр. Сондықтан кез келген төтенше жағдайға сақадай сай тұру басты міндетіміз деді облыс әкімі. Облыста 6 шағын су қоймасы бар. Оның басым бөлігі Жаңақорған ауданында. Қоймалардағы артық су қашыртқы арқылы жайылымдықтарға, көлдерге жіберілуде. Қауіп жоқ, дейтұрғанмен күрделі жөндеуді қажет ететін гидроқондырғылар бар.
Соңғы 5-6 жыл ішінде біздің аумаққа өзен түгілі тіпті жылға боп ақпаған Сарысу өзені қазір Телікөлге молынан түсіп жатыр. Сол жерді мекендеген малшылар сақтық шараларына мән беру керек. Алдағы күндері облыс аумағына үлкен су көлемі келед деп күтілуде. Көл, тоғандарды толтырып алу керек. Және бұл бағытта тәжірибелі мұраптармен тізе қосып, кеңескен артықтық етпейді деді облыс басшысы.
Мұнан бөлек, мәжілісте өрт қауіпсіздігі мәселесі де сөз болды. Тілсіз жау талай мәрте тоғайды жалмағаны жасырын емес. Биыл күн ерте жылып, кенелер де ерте оянды. Мал қоралар механикалық тазалаудан өтуі керек. Конго-қырым қызбасының ошағы бізде баршылық. Сондықтан залалсыздандыру жұмысы кешіктірілмей атқарылуы тиіс.
Облыстағы 85 мал тоғыту ваннасының жартысы жарамсыз. Бұл да өзекті мәселе болып тұр. Әуелгіде ұйымдасқан агроқұрылымдардың әрқайсысында төрт түлікті тоғыту өзінше бір науқан еді. Қазір мал біткен жеке шаруа қожалықтардың үлесінде. Сондықтан мал тоғытуды әркім өз білгенімен жүргізіп жүргені де жасырын емес. Не десек те, дезинсекция жұмысы жүйелі жүруі маңызды, кестеден кешікпеуі тиіс. Облыстық ветеринария және жұмылдыру дайындығы басқармалары осы іске бас-көз болуы міндеттеледі. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Конго-Қырым қызбасын емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің қорын жасақтап, науқастарды дер кезінде қабылдап, ем-дом жүргізуге дайын болуы керек.