#qyzylordatv
Республика күні қарсаңында білімге құштар талапты жастардың тегін оқуына керемет мүмкіндік берілді. Көршілес елдерден келген 24 қандасқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы білім гранты табысталды. Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебін беру жиынында студенттерге айрықша қолдау көрсетті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің халықаралық білім беру кеңістігінде бәсі биік, мәртебесі жоғары. Іргелі оқу орны биыл оқыту, тиімді басқару, академиялық даму, инфрақұрылым, еңбек нарығына бейімделу, халықаралық серіктестік, қоршаған ортаға әсер, инклюзивтілік сияқты бағыттарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «4 жұлдыз» сапа белгісін иеленді. Сонымен қатар, «QS Asia University Rankings – 2025» аймақтық рейтингінде Азияның алдыңғы қатарлы университеттері арасында TOP 541-560 орынға ие болды. Ал, аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі өткізген Қазақстандағы сұранысқа ие жоғары оқу орындары арасында жетінші орын алды. Университеттің тағы бір жетістігі, Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асып жатыр.
Университет Президент тапсырмасына сәйкес цифрландыру, жасанды интелектіні қолдануға айрықша басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта шетелден арнайы мамандар шақыртылып, студенттерге дәріс беруде.
Оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттердің білімін жетілдіру бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы екі оқу жылында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің екі жүзден астам студенті Польша, Бельгия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжанның маңдайалды оқу орындарында білімін жетілдіріп келді. Тиісінше, Қорқыт ата университетінде оқуға ниет білдірген шетелдік азаматтардың да саны артқан. Соның ішінде қандастарымызға айрықша қолдау көрсетілуде. Қазіргі күні көршілес мемлекеттерден келген 45 қазақ азаматы арнайы білім грантымен оқып жатыр.
Бейбіткүл Кәрімова осылайша жыл бедерінде атқарылған және алдағы жоспарланған жұмыстарға тоқталды. Есепті кездесуде университеттің оқытушы-профессорлары сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.