#qyzylordatv

Стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам. Әзербайжан Президентінің елімізге сапарын Қасым-Жомарт Тоқаев осылай бағалады. Елордада екі елдің басшылары келіссөздер жүргізіп, 15 құжатқа қол қойды. Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастардың 20 жыл толуына орай маңызды мәлімдеме қабылданды.

 Иә түркілік мүдделестік, тарихи тамырластық бүгінгі бауырластықпен жалғасып отыр. Ақорда Әзербайжан басшысын ең жоғары деңгейде қарсы алды.

Президент Тоқаев екеуара әңгімеде біздің ел үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет екенін атап өтті.

 Осыдан кейін президенттер жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысын өткізді.

 Орта дәлізді дамыту ортақ мүдде. Қос тарапқа та олжалы. Бүгінде тауар Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін. Былтыр бұл дәліз арқылы тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен.

 Жүк тасымалын еселеу үшін құжат айналымын толықтай цифрландыру қажет. Операцияларға мониторинг жасайтын бірыңғай орталық құру да өзекті. Каспий арқылы тасымалды арттыру үшін Қазақстан тарапы кемелер санын көбейтпек.

Иә, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы тарихи һәм мәдени сипатпен шектелмей, экономикалық өсімге ойысып отыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 533,4 млн доллар болса, биылғы сегіз айда 547,6 млн долларға жетті. Қазақстан негізінен түсті металл, мұнай және астық экспорттайды. Ал көрші елден құбырлар, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдері жеткізіледі. Алыс-берісті таяу арада бір миллиард долларға жеткізу межесі тұр.

 Қазір елімізде әзербайжандық 1,5 мың компания, ал Әзербайжанда қазақстандық 150 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында бірлескен инвестиция қорының қызметі жандандырылмақ. Келіссөз барысында энергетика саласындағы әріптестікке ерекше көңіл бөлінді.

 Қазір Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл жоба екі ел басшыларының тікелей бақылауында. Президенттер үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді қолдап, бұл қадам Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, ортақ өркендеуге жол ашатынын атап өтті. Ал Әзербайжан тарапы жүк тасымалына қатысты барлық шектеуді алып тастағанын мәлімдеді.

 Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Жалпы, Әзербайжан Президентінің мемлекеттік сапары аясында энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, статистика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытында 15 құжатқа қол қойылды.