Бүгінгі бейбіт күннің құндылығы мен тыныштығын тұғырлы етіп тұрған әрбір майдангердің ерлігі мен есімі – ұмытылмас мұра. Бәйтерек шағын ауданындағы көшеге соғыс ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Кеңесбай Қалиевтің есімі беріліп, естелік тақта орнатылды.

Кеңесбай Смағұлұлы 1941 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебін бітіріп, дәл сол жылы армия қатарына шақырылған. Мәскеу түбіндегі ұлы шайқасқа қатысқан. 183-ші атты әскер корпусында фельдшер, полктың медициналық пунктінде взвод командирі болып, алдыңғы шепте жаралы жауынгерлерге бірінші дәрігерлік көмек көрсетіп, Белоруссияны, Кенигсбергті, Берлинді азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін офицер шенінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери құрамында Литвада, одан кейін Түрікменстан шекарасында қызмет атқарса, 1960 жылы елге оралып, Денсаулық сақтау саласының кәсіподағын ұзақ жылдар басқарды.

Салтанатты жиында сөз алғандар Кеңесбай Қалиевтің өнегелі ғұмырынан естеліктер айтты.