#qyzylordatv
Отанға деген сүйіспеншілік балалық шақтан қалыптасады. Біздің келесі кейіпкерлеріміз әр таңды Әнұранмен бастайтын кішкентай патриоттар. Тілі - бал, қылығы тәтті бүлдіршіндер туралы тілшіміз Дамира Аманжолова тарқатып айтады.
Әнұран шырқалғанда, шырт ұйқыдан оянып, қолын жүрек тұсына қоятын бүлдіршіндер кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ту көрсе де дәл осылай тұра қалатын балақайлардың тәп-тәтті қылығына қалай сүйсінбеске? Тіпті әрбірі үшін мақтаныш сезімі кернейді. Егемен еліміздің жарқын болашағы міне осылар - кішкентай патриоттар!
Бүлдіршіндерді дамыту орталығында да әр күн әнұран айтудан басталады. Мұнда әліппе, дыбыс, сандардан бұрын балалар өзінің туған жерін құрметтеуді, бағалауды және Отанын сүюді үйренеді. Тәрбиешілер «менің елім», «менің жерім» деген ұғымдарды ойын арқылы үйретуде. Сондықтан балалар Республика күнін асыға күтіп жүр.
«Біз үшін бір үйдің баласындай ұйысып, ұлттық мерекені атап өту – ерекше қуаныш, дейді мектепке дейінгі білім беру орталығының жетекшісі Галина Романовская.
ГАЛИНА РОМАНОВСКАЯ- ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ
Біз балалармен бірге үнемі туған өлкеге экскурсиялар ұйымдастырамыз. Өзіміздің ұлттық құндылықтарды сақтауға тырысамыз. Біздің балалар қаламыздың тарихын жақсы біледі. Олар өз чемпиондарын, ағартушыларын, ақындарын таниды.Біз үнемі туған жер мен елді тануға арналған іс-шаралар өткіземіз.Балалар Қызылорданың тарихын жақсы біледі.Олар:«Біз – Қазақстанның алғашқы астанасында дүниеге келгенбіз» – деп мақтанышпен айтады. Бұл – олардың жүрегіндегі нағыз патриоттық сезім.Мереке қарсаңында барша Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтаймын! Бұл — үлкен әрі ұлы мереке.
Республика күні – әр баланың жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсері сөзсіз!