#qyzylordatv
Шығыс Арал өңірінің археологиялық мұрасын зерделеу жөніндегі Халықаралық жоба шеңберінде Кескен Күйік қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. IX–X ғасырлардағы географиялық деректерде Кескен-Күйік Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан, Жанкент пен Хорезмге жақын қалалардың бірі екені айтылған.
Қала Қазалы ауданындағы Бозкөл ауылынан 35-40, тағы бір тарихи қалашық – Жанкенттен 15-20 шақырымдай жерде орналасқан. Қала шамамен біздің заманымыздағы V ғасырда бой көтеріп, жеті ғасырдай өмір сүрген.
Биылғы далалық маусымда алғаш рет өзіндік сәулетімен ерекшеленетін ежелгі қаланың орталық бөлігіне – цитадельге зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Кескен-Күйік қалашығындағы жобаны «Ритрум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Еуразияны зерттеу қоғамының қаржылық қолдауымен жүргізуде. Бұл жұмыстар уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жүзеге асырылып, далалық зерттеулер мен ғылыми талдау жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық база қамтамасыз етілуде.
Жобаның қазақстандық тарапының басшысы – тарих ғылымдарының кандидаты Дмитрий Воякин.
ДМИТРИЙ ВОЯКИН – АРХЕОЛОГ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Он сегізінші маусымда бірегей нысанда белсенді түрде кешенді археологиялық зерттеу жүргізудеміз. Бұл археологтар арасында Кескен-Күйікқала қалашығы ретінде белгілі. Ал ежелгі дереккөздерде бұл Хувара қаласы деп аталады. Ху жақсы қала, вар орын деген мағынаны білдіреді. Көлемі жағынан бұл қала осы аймақта астана болған Жанкент қалашығынан да асып түседі. Ол оғыздардың астанасы болған. Хувара осы кезге дейін толық зерттелмеген.
ЕРҒАЗЫ АЛДАНАЗАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгін Кескен күйік қалашағында жүргізілген жұмыстардың есебін тыңдадық. Бұл енді демеушілік қаржысы есебінен жүргізілген жұмыс биылға. Бірақ біздің міндетіміз сол жүргізілген жұмыстарға бақылау жасау, яғни ол үшін біз барып көреміз және қазба уақытында біздің бір маманымыз басынан аяғына дейін бірге болды. Бұл жұмыс 18-19 жылдардан басталып келе жатыр қазба жұмысы Кескенкүйікте. Сол жұмыстар жалғастырылып жатыр.
Қаланың орнына зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Археологтар табылған заттарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысымен бөлісетін болады.