Алимент өндіру оңай болмай тұр. Борышкерлер өз баласынан қашып жүр. Көпшілігі «жұмыссызбын» деген сылтауды желеу етеді. Мың сан сылтау мен себеп бар. Жыл басынан бері облыста алимент бойынша 471 млн-нан астам қарызды құраған атқару құжаты өндірісте болған. Облыстық прокуратурада өткен ведомствоаралық мәжілісте мәселені шешудің жолдары айтылды.

471 млн 600 мың алимент берешегінің 90 млн теңгесін сот орындаушылар өндірген, оның өзінде 55 млн теңгесі прокурорлардың ықпалымен өтелген. Әрине, алимент өндіру еліміз бойынша өзекті мәселе. Жыл басынан бері облыстағы қадағалау органдарына 46 арыз түскен. Прокуратура мен әділет органдары сот орындаушылар алимент өндіру барысында қамтамасыз ету шараларын толық қабылдамайды дейді. Қаскөй борышкерлер еш қиындықсыз басқа мемлекеттерге қыдырып, бой тасалап жүр екен. Жалпы мұндай 167 дерек тіркелген.

Сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеу арқылы өндіреді. Дейтұрғанмен борышкерлердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауы мәселені одан әрі күрделендіре түседі. Өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, борыш¬кер¬лерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Алайда оның өзі тиімділігін көрсетпей тұр. Берешек соманың ұлғаюына мынадай фактор да әсер етті дейді сот орындаушылар.

Айтпақшы, алиментті тек ерлер емес, әйелдер де төлейді. Көкек аналар да жоқ емес. Отбасының шырқы бұзылып, әкесі мен шешесі ажырасқанда ортада қиналатын бала, ал сол баланың күнделікті ішіп-жеміне ақша тауып бере алмау адамдыққа жата ма? Алимент төлемейтін қаскөй борышкерлерге айыппұл салғанмен іс өнбейді, сондықтан қамау әдісін қолдану керек шығар деді облыс прокуроры.

БАҚ өкілі ретінде біз де ұсынысымызды білдірдік, жалпы мұндай басқосуға борышкерлері көп еңбек ұжымдарының бухгалтерлерін де тартқан дұрыс, себебі соңғы кезде бір некедегі сәбилерге ғана емес, бірнеше некедегі балаға алимент төлейтіндер, оған қоса тұтыну кредиті бар борышкерлер аз емес, міне, соларға бөлініс жасағанда есепшілердің басы қатады. Негізінде алимент өндіріп алу кезінде оның сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы тиіс. Тиімдісі, "Мемлекеттік алимент қоры" құрылғаны дейді Парламент депутаттары. Ол бюджеттен тыс түсімдерден құралып, негізгі мақсаты – 3 айдан артық алимент алмаған балаларға осы қордан алимент төленер еді. Үкіметке бұл ұсыныс айтылды, оны енгізу - министрлер кабинетінің құзырында. Айта кетейік, біздің облыс басқа өңірлерге қарағанда алимент бойынша қарызы аз аймаққа жатады.