Жаңақорған ауданында заманауи үлгідегі оңалту орталығы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Осы арқылы церебралдық сал ауруы мен тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетілмек. Өңірге жұмыс сапарымен келген еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алдымен осы нысан жұмысымен танысып, сала мамандарымен жүздесті.

Аутизмге шалдыққан балғындарға тұрақты күтім ауадай қажет. Ал, оңалту орталықтары үлкен мегаполистерде ғана бар. Сондықтан шалғай ауылдардағы балалар тиісті қызметті уақытылы ала алмай келеді. Жаңа нысан арқылы осы мәселе біршама реттеледі, дейді мамандар. Яғни, мұнда Шиелі мен Жаңақорған аудандары бойынша оңалтуды қажет ететін 1500-ден астам балаға ем-дом шаралары жүргізілмек.

ТӘҢІРБЕРГЕН ӘМИТОВ – АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ /Бұған дейін оңалтуды қажет ететін балалар. Астана, Алматыға барған. Енді болашақта екі ауданның балалары осы жақта емделетін болады. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем алады. Ол екінші және үшінші реабилитациялық кезеңді қамтиды/

Оңалту орталығы келер айда пайдалануға беріледі. Мұндағы көрсетілетін қызмет түрлерін бағамдаған сала жетекшісі нысанның айрықша маңызды екеніне тоқталды. Мұнан соң министр аудандық ауруханаға аялдап, саладағы қордаланған мәселелер төңірегінде мамандармен ашық пікір алмасты. Басқасын былай қойғанда, аймақта дәрігер тапшы. Сондықтан, бірінші кезекте жас мамандарды даярлау ісі қолға алынбақ.

МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР САЛЫНАДЫ

Биыл бірнеше ауданда емдеу мекемелерінің қасынан қосымша ғимарат салынбақ. Осы арқылы тұрғындар сұранысын жүзеге асыру көзделіп отыр. Әсіресе, бұл Шиелі мен Аралда өзекті. Оңтүстік ауданда 30 төсектік инфекция бөлімшесінің құрылысы жүргізілсе, Аралда аурухана жанынан 46 емделушіге арналған ғимарат құрылысы басталады. Бұл нысандардың маңызы мен қаржыландыру тетігі турасында басқарма басшысы министрге ақпар берді.

Айта кетерлігі, былтыр облыстағы 23 елді мекенде жаңадан дәрігерлік амбулатория салынды. Биыл ауыл-аймақта тағы 11 нысанның құрылысы басталмақ. Ақмарал Шәріпбайқызы таяуда тұрғындарға тарту етілген Бала би ауылындағы емдеу ғимаратының жұмысымен танысып, сала мамандары және тұрғындармен тілдесті.

КҮЛАЙХАН ӘШІРБЕКОВА – БАЛА БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ /Амбулатория жақсы салынған. Бұрынғыдай аудан орталығына бармай осында ем аламыз. Барлық құрал-жабдықтары бар. Үлкен рақметімізді айтамыз/

САЛАНЫ РЕФОРМАЛАУ ЖАЙЫ

Жасыратыны жоқ, әлі де кейбір медициналық мекемелерде жайбасарлық басым. Емделуге барған жұртшылық қағазбастылық құрығына ілігіп, дәрігерді сағаттап тосатындарын айтады. Осыған байланысты қолданыстағы анықтамалар 2 есеге дейін қысқартылмақ. Ақмарал Шәріпбайқызы саланы реформалау тетігі осыдан басталатынын сүйіншіледі.