#qyzylordatv
Облыс орталығында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінің гала-концерті болды. Рухани шара биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Түбі бір түркі жұртының фольклорлық мұрасы насихатталған келелі кеште 200-ге жуық өнерпаз Сыр төрін дүбірге бөледі. Халықаралық ауқымдағы фестиваль турасында тілшіміз сабақтайды.
«Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалі бауырлас халықтардың рухын көтеріп, музыкалық мұрасын дәріптеуге арналған бірден-бір дәстүрлі жоба. Айтулы шара осыған дейін халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып келген. Биыл бұл бастамаға облыс әкімдігімен қатар, халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры мұрындық болып отыр. Зерделі зерттеушілер мен өрелі өнер өкілдерінің басын қосқан шараның қорытынды кеші Қызылордада кең көлемде ұйымдастырылып, алыс-жақын шетелден келген меймандардың таңданысын туғызды.
Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған өнер кешінің шоқтығы биік. Дәстүрлі шараға бұл жолы Түркия, Тыва, Алтай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 200-ге жуық өнерпаз шақырылған. Қорытынды кеште әр елдің өкілдері көненің күмбіріндей дәстүрін дәріптеп бақты. Әртүрлі аспап, сан түрлі үн. Бірақ түпкі сарыны түркі дүниесінің қауызынан шыққаны аңғарылады.
РАУФ ЖАФАРОВ – «КАРАБАК» МҰҒАМШЫЛАР ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ /ӘЗЕРБАЙЖАН/ /Қабылдауларыңызды қош көрдік. Біз қазақ еліне алғаш рет келіп тұрмыз. Кеше Қорқыт ата кешенімен тынысып қайттық. Алған әсерімізді сөзбен жеткізе алмаймыз. Бабамыздың бай мұрасы баршамызға ортақ. Сондықтан бұл фестивалдің маңызы зор. Мұндағы тыңдарман өнерімізді ерекше қабылдады/
ИЛЬХОМ ИСМОИЛОВ – «ШАШМАКОМ» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ /ӨЗБЕКСТАН/ /Қызылордада өтіп жатқан ғажайып фестивалге Өзбекстанның Бұқара қаласынан арнайы келіп тұрмыз. «Шашмаком» ансамблі дәстүрлі өнерді ұлықтау мақсатында құрылған. Осыған дейін бірнеше елде өнер көрсеттік. Бірақ осында алғаш келуіміз. Өте қатты ұнап жатыр. Әр елден өнері ортақ достар таптық. Келесі жолы шақырса, тағы да асыға келетін сияқтымыз/
Фестиваль барысында түркі халықтарының фольклорлық музыкасы дәріптеліп, мәдени байланыс беки түсті. Сондықтан келесі жолы тағы да келеміз дегендер көп болды. Нағыз ұлы дала төсін дүбірлеткен той. Әрбір әуезді ән жанды дауыста шырқалды. Сәнді сахнаның безендірілуі бөлек. Көшпенділер рухы мен ұлы даланың дүбірі үндесе кеткен.
Бұл тек ән айтып, күй шертетін алаң емес. Түбі бір түркі жұртын төрткүл дүниеге таныту тетігі. Бұл бастама еш кеткен жоқ. Дәстүрлі фестивалдің нәтижесінде Қорқыт баба мұралары Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген. Енді фольклорлық мұра тағы да жаңа деңгейге көтеріліп отыр.