Өңірімізде соңғы 2 жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді өз бағасынан қымбатқа сатудың 31 дерегі тіркелген.

Соның ішінде күріш, тұз, картоп, сәбіз және пияз секілді өнімдерді негізсіз қымбаттатқан. Бұл жағдайды облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті бақылауға алып, азық-түлік өнімдерін жеткізуші делдалдар мен сатушыларға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде күріштің келісі 393 теңгеден 519 теңгеге, тұз бағасы 34 теңгеден 78 теңгеге, ал картоп, сәбіз, пияздың келісі бірден екі есеге қымбаттағаны белгілі анықталды. Бағаны өсіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерге азық-түлік тасымалдаушыларға да тексеру жұмыстары жүргізілген.

НҰРБОЛ ӘЛКЕБАЙҰЛЫ – ОБЛЫСТЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ

«Департаменттің жүргізілген тексеру нәтижесінде облыстық 3 ауруханада өнімсіз азық-түлік жеткізу тізбегінен делдалдар алынып тасталды. Бұған дейін әлеуметтік манызы бар азық-түлік тауарларын әлеуметтік мекемелер жоғары бағамен сатып алып, бюджет қаражатын негізсіз жұмсағаны анықталды. Көтерме сатушылармен және өндірушілермен тікелей келісім шарттар жасалғаннан кейін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесінің 11-і бойынша бағаның төмендеуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, қартоп, сәбіз, қырыққабат және қант арзандады. Осылайша 6 млн теңгеден асатын бюджет қаржысы үнемделді».