Облыс орталығында күйші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Төлепберген Тоқжановтың 60 жылдық мерейтойына орай жас күйшілер байқауы болды. Сыр төрінде алғаш рет ұйымдастырылған сайыста 30-ға жуық талапкер бақ сынап, ұлттық өнердің құдіретін көрерменге паш етті.
Төлепберген Тоқжанов Сыр өңірінде күйшілік өнердің өрістеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіби композитор. Автордың қаламынан бүгінге дейін 100-ге жуық шығарма жарық көрді. Соның басым бөлігі күмбір күй. Мұнымен қоса әуезді ән мен симфониялық туындылары бар. Бірақ барлық шығармасы сүлейлер сарынымен сабақтас. Сондықтан, бұл байқау тұтас өңірдің өнер көшін дәріптеуді көздейді.
Күйшілер байқауы екі жас ерекшелігі бойынша ұйымдастырылды. Алдымен 14 жасқа дейінгі жеткіншектер бақ сынаса, ізін ала үлкен топ өкілдері өнер көрсетті. Дегенмен оларға қойылған талап бір. Әуелі Төлепберген Тоқжановтың шығармаларын орындаса, мұнан соң кез-келген күй тартуға мүмкіндік берілген. Дәуірлер бейнесін домбыра үнімен жеткізген жастар тыңғылықты дайындықпен келгендері көрініп-ақ тұр.
Төлепберген Төрахметұлы ұстаздық жолда жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың бәрі ұлттық өнердің байрағын биіктетіп келеді. Сыр төріндегі бәсі жоғары байқауға сол ұстаз ұлағатын ұмытпаған бірқатар шәкірттері келіп, құрмет көрсетті. Тіпті тәлім берген тұлғаға арнап күй шығарғандары да бар.
Байқау қорытындысы бойынша Сырдария ауданынан келген Дәулетхан Көзейбай мен қызылордалық жас күйші Мұқағали Жақсан бас жүлдені еншіледі. Осылайша, дария толқынымен тербеліп, Ақмешіт даласына күй шалқытқан кеш ұлттық өнердің өшпес құндылық екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.