Елімізде Мемлекеттік күзет қызметі қатарына әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Сәуір айының 5-не дейін сенімді өкілдер барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдау және зерделеу жұмыстарына жұмылдырылған.
Үміткерлерге қойылар талап: жасы 18 бен 27 жас аралығында болуы керек. Сондай-ақ, әскерге шақырылушылардың бойы 180 сантиметрден төмен емес, колледж немесе университетті бітірген және денсаулығында кінәрат болмауы тиіс. Сонымен қатар, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырушыларға басымдық беріледі. Әскер қатарына қабылданған сарбаздар Астана және Алматы қалаларындағы әскери бөлімдерде Отан алдындағы борышын өтейді. Мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйреніп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.
Айта кетейік, мерзімді әскери қызмет аяқталған соң сарбаздар өз қалауымен келісімшартқа отырып, әскери қызметті жалғастыра алады. Одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқара алады.