Алда аптап ыстық күтіледі. Осы ретте қызылордалықтарды егістіктің жайы, судың мәселесі уайымға салатыны рас. Аталған мәселе бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалының өндірістік учаске басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов құзырлы министрлікте болып қайтты. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қабылдауында Сырдағы су тапшылығының алдын алу жөнінде бірқатар мәселелер шешімін тапқалы тұр.

Олар - вегетациялық суару кезеңінде облыс шаруашылықтарында су жетіспеушілігін болдырмау, көлдер жүйесін ұстап тұруға қажетті су лимиті көлемін 989 млн текше метрден 1 млрд 200 млн текше метр көлеміне дейін ұлғайту; Кіші Арал теңізі айдынына секундына 20-80 текше метр көлемі аралығында су тастау мүмкіндігін шешу, Қараөзек су қоймасының құрылысын биылдан қалдырмай бастау, - деді бізге берген сұхбатында спикер Нұрымбетов