#qyzylordatv
Аймақтардың урбанизациядағы рөлін арттыруға арналған ауқымды форум хедлайнерлерінің бірі – Гарри Доббс. Лондон, Нью-Йорк, Манчестер, Эр-Рияд және Доха қалаларында жүзеге асырылған қоғамдық жобалардың авторы.
Ұлттық стратегиялардан бастап нақты қалалық кеңістікті түрлендіруге дейінгі жобаларға жетекшілік еткен. Ол Ұлыбритания үкіметі мен Премьер-министр кеңсесіне урбанистика, қалалық дизайн және креативті индустриялар бойынша кеңес берген.
ГАРИИ ДОББС - СӘУЛЕТШІ, THE WELLGROUP НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Біз бұған дейін Қазақстанда жұмыс істемегенбіз, бұл – менің Қазақстанға алғаш келуім. Сондықтан мен негізінен халықаралық жобалардағы тәжірибеміз туралы айтып беремін. Азияда, Таяу Шығыста, Солтүстік Америка мен Еуропадағы жұмысымыз барысында біз үнемі кездесетін қалалық және өңірлік даму саласындағы ортақ қиындықтар бар. Бұл – қарқынды жүріп жатқан урбанистикалық және аумақтық даму бағдарламаларында жиі қайталанатын мәселелер.Біз өз командамызбен осы түйткілдерді зерттеп, оларды стратегиялық және тактикалық деңгейде шешудің жолдарын қарастырып келеміз.
Форум спикерлерінің бірі – еліміздегі урбанистика саласындағы білікті маман Данияр Чиндалиев. Ол 2017 жылдан бері сәулет және құрылыс бағытында еңбек етіп келеді. Ал соңғы жылдары елорданың қалалық кеңістігін дамыту, абаттандыру мен тұрақты урбанистикалық шешімдерді енгізу ісіне белсенді атсалысып жүр. Астана, Ақтау және Семей қалаларындағы бірқатар жобалардың авторы ретінде танылған, әрі елорданың Көгалдандыру жарғысы мен брендбугін жасауға да қатысқан архитектор-урбанисттің бүгінгі жиыннан күтері мол.
ДАНИЯР ЧИНДАЛИЕВ - "АСТАНА БАС ЖОСПАРЫ" ҒЗИ" АҚ ЖАНЫНДАҒЫ УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біз Астанадағы тәжірибемізбен бөліспекпіз. Қаланың дамуында ең маңызды қадамдардың бірі – мастер-жоспарлау. Бұл – болашақ қаланың кең бейнесін алдын ала зерделеп, әр ауданды кешенді түрде жоспарлау. Инфрақұрылым, көлік жүйесі, әлеуметтік нысандар, саябақтар мен цифрлық шешімдер – бәрі бір үйлесімде қарастырылады. Яғни, біз қаланың жүйелі, тұрақты, адамға қолайлы орта болуын көздейміз. Қызылорда қаласының даму қарқыны жоғары, әлеуеті зор. Бүгінгі форум – әріптестікті нығайтып, оңтүстік аймақтар үшін нақты әрі тиімді жоспарлар жасауға үлкен жол ашады.