#qyzylordatv

Сондай-ақ, бүгін шыны зауыты жанынан бой көтерген заманауи кірпіш өндіру зауыты іске қосылды. Қытайлық қондырғылармен жабдықталып, толықтай автоматтандырылған өндіріс ошағы күніне 250 мың, ал жылына 90 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы.

 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын зауыт – жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етіп, құрылыстың өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, тұрғын үй, мектеп, аурухана мен әлеуметтік нысандардың салынуын жеделдетіп, импортқа тәуелділікті азайтады. Газбен күйдірілетін кірпіш зауыттың экологияға әсері көмірмен жұмыс істейтін зауыттарға қарағанда әлдеқайда зиянсыз әрі экологиялық тұрғыдан тиімді. Азот оксидтері, күкірт секілді зиянды қалдықтар минималды мөлшерде шығады. Бұл атмосфералық ауаның сапасын сақтауға көмектеседі. Сондықтан мұндай өндіріс ошағы – жасыл экономикаға көшу жолындағы нақты қадам. Осылай деген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кірпіш зауыты аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатынын айтып, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан инвесторлар мен құрылысшыларға және серіктес ұйымдарға алғыс білдірді.